$ 494.87  520.65  4.91

«Көмектесу - біз үшін қалыпты жағдай»: қиын сәтте қолдауға дайын мамандар

Полиция қызметкерлеріне қоғам тарапынан айтылатын сын көп болғандықтан, олардың жасап жатқан жақсылықтары тасада қалып жататыны жасырын емес.
фото: polisia.kz
фото: polisia.kz

Әлеуметтік желілерден шет мемлекеттердегі тәртіп сақшыларының тұрғындарға жасап жатқан жақсылықтары, қарияларға көмектескен сәтіндегі әсерлі бейнежазбаларын көріп, тамсанып, қызығып отыратынымыз жасырын емес. Бұзақылықтың алдын алып, қылмыскерді ұстаудан бөлек, еліндегі әрбір тұрғынның өзін жайлы сезінуі үшін қызметтік міндетінен де тыс көмек көрсетіп, үлкен алғысқа бөленіп жүретін полицейлер туралы әңгімелер кім-кімді болмасын тебірентетіні анық. Дегенмен, ондай жылы жүректі, жаны ізгі тәртіп сақшылары өз елімізде де аз емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін Skifnews.kz ақпарат порталы атынан мынадай топтама жасап шыққан едік.

Татарстан азаматшасының өтінішін орындады

Павлодар қалалық полиция басқармасына Татарстан республикасы Қазан қаласында тұратын азаматшадан өтініш келіп түседі. Ол Павлодар қаласында тұратын анасымен бірнеше күн қатарынан хабарласа алмайды. Бұған қатты алаңдаған ол әлеуметтік желіден up_pavlodar парақшасын тауып алып, оның баспасөз қызметіне аталған мәселе бойынша көмектесуін сұрап жазады. 

Бұл келіп түскен өтінішті тұрғылықты мекен-жай бойынша бөлімше инспекторына тапсырады. Ал инспектор болса хабарды дереу алысымен, азаматшаның айтуы бойынша анасының үйін іздеп, жолға шығады. Кейін белгілі болғандай азаматшаның анасының жағдайы дұрыс, бәрі қалыпты боп шығады. Тек қалалық телефонның қуаты біткендіктен, қызымен сөйлесе алмаған. 

Анасына алаңдаулы азаматшаның көңілін орнына түсіріп, бәрі жақсы екеніне көз жеткізу мақсатында бөлімше инспекторы Әнуарбек Қайырбеков оған видеохабарлама арқылы байланысып, қызын анасымен сөйлестіреді.

Анасымен байланысып, көңілі жайланған Татарстан азаматшасы Орталық полиция басқармасы, полиция бөлімшесінің инспектор көмекшісі Әнуарбек Қайырбековке жедел қызметі мен көрсеткен көмегі үшін үлкен ризашылығын жеткізді. Ол өзінің жүрекжарды тілегін бейнежазба арқылы осылай білдірген:

«Мен Павлодар қалалық полиция басқармасына айтар алғысым шексіз. Инспектор тек қана айтылған жерге барғаннан кейін бәрі дұрыс екенін біліп, «тапсырма орындалды» деп қайтып кете салған жоқ. Маған видео арқылы хабарласып, анамды көрсетіп, аман-сау екеніне көзімді жеткізді. Және анамның өзімен сөйлесуге де мүмкіндік берді. Мен қатты қуандым. Бұл жай ғана қызметтік тапсырманы орындау ғана емес, адамгершілік тұрғыдан өте биік әрекет. Сондықтан, полиция ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін. Әрқашан осындай қайырымды, ізгі қалыптарыңыздан таймаңыздар. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!» 

Жолаушыға көлігін жөндеуге көмектесті

Жамбыл облысының полицейлері жүргізушіге бұзылып қалған автокөлігін жөндеуге көмектескен.
Инспекторлар жол-патрульдік қызметі барысында сағат түнгі екі жарым шамасында Меркі ауданы маңынан тоқтап тұрған газель автокөлігін жөндеп жатқан жүргізушіні байқап қалады. 

Тәртіп сақшылары сол жерде тоқтап, Қырғызстан Республикасының азаматына көмектесуге ұсыныс білдіреді. Сонан соң оны жақын маңдағы Меркі аудан орталығына апарып, көлігін жөндеуге көмектеседі. 
Ер азаматтың айтуы бойынша түнгі мезгілде күтпеген жерден көлігі істен шыққан. Ал жолда өтіп бара жатқан басқа көлік жүргізушілерінен көмек сұрау әрекеті сәтсіз аяқталады. Ешкімнен көмек болмайтынын түсінген жүргізуші біраз уақыт бойы өз көлігін жөндеумен айналысады. Дегенмен, бұдан нәтиже шыға қоймай, қатты шаршаған ол көлік салонына кіріп, демалып алуды ұйғарады. Дәл сол сәтте күтпеген жерден жолы болып, қайырымды полицейлер кезіге кетеді. Қырғызстан азаматы патруль экипажы мүшелеріне қиын сәтте көрсеткен көмегі үшін үлкен ризашылығын білдірді. 

«Көлігімнің қатты «сцепкасы» үзіліп кетті. Ал оны дәнекерлеп алатын орынды жақын жерден таба алмадым. Қуанышыма қарай жолда патрульдік полиция өкілдері кездесе кетті. Олар менің сынған құрылғымды алып кетіп, дәнекерлеп әкеліп берді. Көлігімнің жүріп кетуіне де көмектесті. Көп рақмет сіздерге» - деді газель жүргізушісі риза көңілмен.

Жолда қалған тұрғындардың үйіне жетуіне жәрдемдесті

Полиция қызметкерлеріне деген ризашылығын адамдар әр түрлі жолмен білдіріп жатады. Көмектескен сәтте өзіне айтып, бейнежазба қалдырып т.б. Ал қазіргі кездегі алғыс білдірудің бір жолы - Инстаграм әлеуметтік желісі. Ан Жақында оған бір қолданушы мынадай жазба қалдырды:

«Қатты ризамын. Сергеевкадан жиырма км алыс, Жезқазған-Өскемен трассасында тұрып қалдық. Жалғыз көмек қолын созған полиция қызметкерлері болды. Аға лейтенант Н.Б.Әміржанов пен полиция сержанты Р.А.Қасымов біздің көлігімізді троспен сүйреп Тимирязов бұрылысына дейін жеткізіп тастады».

Өздері күзет кезекшілігінде тұрған БПП қызметінің инспекторлары Нарасан Әміржанов пен Руслан Қасымов трассаны тастап кетпеу үшін жолдан КамАЗ көлігін тоқтатып, оған тоқтап тұрған Audi-ді Тимирязовқа дейін жеткізіп тастауын өтінеді. Тек көліктер жолға түсіп кеткеннен кейін ған инспекторлар кезекшіліктеріне оралады. 

«Кезекшіліктегі батальон қызметкерлері үшін трассада қалып қойған көліктерді бақылау, қиын жағдайға тап болған жүргізушіге көмектесу – күнделікті қалыпты жұмыс. Бірақ кез келген маман иесіне көрсеткен көмегі үшін алғыс естісе қатты қуанатыны сөзсіз. Сол сияқты бұндай жылы лебіздер он екі сағат бойы кезекшілікте тұрып, түрлі жағдайлармен бетпе-бет келетін полицейлер үшін де үлкен қолдау боп саналады» - деді СҚО БПП ПД командирі Ерлан Мәдиев.

Жүк көлігі жүргізушілеріне азық-түлік апарып берді

БҚО полиция департаментінің қызметкерлері Самара-Ташкент жолында тұрып қалған жүк көлігі жүргізушілеріне көмектесті. Ресейдің кедендік шебінде болып жатқан техникалық ақауларға байланысты біршама көлік жолда жиналып қалған. Олар ресейлік жақ көліктердің қабылдауын бастағанша, бір тәуліктен астам уақыт жолда күтіп тұруға мәжбүр болды.

Күту кезінде трассада үш жүзге тарта жүк көліктері жиналып қалды. Көп жүргізушілердің азық-түлігі таусылып, мазалары қаша бастайды. Олардың осындай күтпеген жағдайға тап болғандарын байқаған СҚО БПП ПД полиция қызметкерлері бей-жай өтіп кетпей, көмектесуге шешім қабылдайды.

Полицей қызметкерлері волонтерлермен бірігіп, су мен азық-түліктер сатып алып, жүргізушілерге үлестіріп берді. Ал өздері қажып, шаршап отырған тосын көмекке қатты қуанып, үлкен алғыстарын жеткізді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары