Маңғыстауда жүк көлігі газ құбырын соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға сағат 12:50 шамасында Маңғыстау ауылындағы «Бесшоқы» тұрғын үй орамына кірер жолда болған. Ауыр техника тиеген арнайы жүк тасымалдаушы көлік жоғары қысымды газ құбырын соғып, 7 метр қашықтыққа сүйреп әкеткен. Апатты оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
Аудан әкімі Рахат Тезекбайұлы «Бесшоқыдағы» ауыр жүк көлігінің газ құбырына соқтығысқан апат орнына барды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, жедел-жәрдем, ҚазТрансГазАймақ мекемесі тиісті шараларды қолданды. Қазір газ құбырын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімі ҚазТрансГазАймақ мекемесінің қызметкерлеріне 5 мыңға жуық отбасы ертеңге дейін көгілдір отынсыз отыра алмайтынын ескертіп, жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.