Алматы облысында аялдамада 16 жастағы қызды екі әйел ұрып-соқты. Жасөспірім Алматы балалар ауруханасына жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлеуметтік желілерде зардап шеккен жасөспірімнің суреті тарап жатыр. Жазба сипаттамасында оқиғаның Боралдай кентіндегі "Сахарный" аялдамасында болғаны айтылған. Жәбірленушінің анасы оқиға куәгерлерін іздестіріп жатыр.
Екі әйел кәмелетке толмаған қызды ұрып-соққан, жолда кептеліс болғандықтан куәгерлер көп болу керек. Қыздың миы шайқалған. Көліктің көбінде бейнебақылау бар, зардап шеккен қыз адамдардың видеоға түсіріп жатқанын айтқан, - делінген жазбада.
Алматы облысының полиция қызметкерлері оқиға 13 мамырда сағат 18.35 шамасында Боралдай кентіндегі Космонавт көшесіндегі аялдамада болғанын айтты.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал болып, екі әйел кәмелетке толмаған қызды ұрып-соққан. Кейін қылмыс орнынан таксимен қашып кеткен. 16 жастағы жәбірленуші Алматыдағы № 1 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Дерек Іле ауданы полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктілердің орналасқан жерін анықтау және оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деді полиция өкілі.