Атырау қаласында екі кіші сержант өртенген үйден балаларды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше, 19 мамыр сағат 8:30 шамасында Атырау қаласының «Балықшы» шағын ауданындағы тұрғын үйдің кіреберісіндегі электр желісі өртенген. Өртті алдымен №5546 әскери бөлімінің кіші сержанты Шалқар Сабырғалиев байқап қалған.
Онымен бірге полиция кіші сержанты Салауат Қарабаев та өртенген үйдің тұрғындарын құтқаруға ұмтылған. Бірақ, екеуі тек 3-қабатқа дейін көтеріле алған. Себебі, кіреберісті қара түтін тұмшалап тұрған. Түтінге тұншыққан олар жоғары қабатқа жете алмай, далаға шығуға мәжбүр болған.
Сондықтан, Шалқар Сабырғалиев көрші үйдегі пәтерінен әскерилер жиі қолданатын газтұтқышты алып шыққан. Газтұтқышты киген ол 5-қабатқа көтеріліп, пәтердің бірінен балаларды балконға алып шыққан. Кейін пәтер иелерінің бірі 5-қабатта екі баласы бар тағы бір отбасы тұратынын айтқан. Екі кіші сержант Шалқар Сабырғалиев пен Салауат Қарабаев түтінге қарамастан 5-қабатқа көтеріліп, пәтердегі бірі – 2 жасар, екіншісі – 2 айлық баланы балконға алып шыққан.
Шалқар Сабырғалиев сулы орамалды балалардың бетіне орап, үстіне өзінің кителін жапқан. Сөйтіп, бірі – әскери, екіншісі – полицей – екі кіші сержант Шалқар Сабырғалиев пен Салауат Қарабаев балаларды өрттен құтқарып қалды.