Алматыда құрылыс краны құлап, краншы мерт болды. Ақпаратты қала әкімдігі растады.
«23 қаңтарда сағат 10.40-та Әуезов ауданында Навои көшесі, NAVOI тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарына «Мирас Констракшн» мердігер компаниясы Star Rent IP ЖШС-нан краншымен бірге мұнара кранын жалға алған. Жұмыс барысында кран құлап, 49 жастағы кран машинисі жарақат алып, жедел жәрдем келгенше қайтыс болды» делінген хабарламада.
Әкімдікте атап өтілгендей, кранның құлауына оның құрылымындағы ақау себеп болған.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелгенін хабарлады.
Тергеуді Әуезов аудандық полиция бөлімі жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.