Сейсенбі, 8 ақпан күні кешкі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының Сарайшық көшесіндегі құрылысы аяқталмаған ғимарат толығымен сүрілді, деп хабарлады turkystan.kz.
Ғимараттың құлаған сәті видеоға түсіп қалған.
«Егер шамамен бір сағат бұрын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің аумағында гүрс еткен дауысты естіген болсаңыз, үрейленбеңіз. Жай ғана құрылыс нысаны сүрілді», – деп жазылған astanovka98 қоғамдық парақшасында жарияланған видеоның сипаттамасында.
Елорда орталығындағы құрылысы аяқталмаған ғимаратты демонтаждау жұмыстары 2021 жылдың тамызында басталған. Бұдан кейін «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі нысанның ұзақ мерзімді құрылыс деп танылғанын мәлімдеді.
«Ғимаратты тұрғызу кезінде құрылыс жұмыстарының ережелері бұзылған. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы жұмысы тоқтап тұрғандықтан құрылыс құрылымдары бүлінген. Одан әрі пайдалану қауіпті», – деген «Астана» ӘКК АҚ баспасөз қытметіндегілер.