07.03.2022, 23:22

«Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолында сұмдық жол апаты болды

7 жеңіл және бір жүк көлігі соқтығысқан.

Бүгін сағат 15-20-да Ақмола облысының Шортанды ауданында Бозайғыр ауылының маңында «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолында жаппай жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін оқиға орнына Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының құтқарушылары дереу шықты. «Оқиға орнында Ақмола облысы ТЖД жеке құрамынан 16 қызметкері мен 4 техникасы, мен Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД 9 қызметкері мен 3 техникасы зардап шеккендерді құтқару және адамдарды эвакуациялау бойынша көмек көрсетуде.

Сондай-ақ, оқиға орнында ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, өңір полицейлері және жедел жәрдем жұмыс істеуде», - деді ведомстводан.

Анықталғандай, 7 жеңіл және бір жүк көлігі соқтығысқан.

«Құтқарушылар зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Сонымен қатар, жаппай жол апатына байланысты оқиға аймағында 100-ге жуық автокөліктің кептелісі орын алды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, өңірдің полицейлері мен құтқарушылары боран мен көріну шектеулігіне байланысты сағат 15:00 бастап аталған жол учаскесінде көлік қозғалысына тыйым салды. Осы ретте, өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ақмолалықтарға жолдардың жабылуы туралы смс хабарлама алған кезде жолға шықпауға кеңес береді.

 

Тегтер: апат жол