Петропавлда алапат өрт болып, 800 саяжай учаскесі жанып кетті. Адамдар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт қатты желдің әсерінен тез таралған. Барлығы 5 саяжай кооперативін жалын шарпып, жалпы аумағы 10 гектар жер жанып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандар саяжай жолдары тар болғандықтан техника қозғалысы қиынға түскенін айтады. Оқиға орнында 70 өрт сөндіруші 5 сағат бойы жұмыс істеді. 12 техника тартылды. Өрт қатты желдің әсерінен тез таралған. Барлығы 5 саяжай кооперативін жалын шарпып, жалпы аумағы 10 гектар жер жанып кетті.
«Өрттің шығу себебі анықталуда. Алдын ала болжам бойынша саяжай иелері қурайды жаққан. Біреудің әдейі от жағуы мүмкін деген нұсқаны да жоққа шығара алмаймыз. Эвакуациялық бекеттерге көмек сұрап келгендер болмады. Соған қарағанда саяжайда тұрып жатқандар жоқ», – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов.
Қалалық әкімдік өкілдері саяжай иелеріне өтемақы төленбейтінін айтты. Өйткені саяжай учаскелері жылжымайтын мүлік ретінде тіркелгенмен тұрғын үй болып есептелмейді.
«Мына саяжайды ата-анам салған болатын. Енді ол жоқ. Үйді сол кісілердің көзіндей көретін едім. 60 жыл тұрған шаңырақ әп-сәтте жоқ болды. Осында балалық шағым өтті. Өтемақы төленбейтіні айтылып жатыр. Бұл біздің мүлік. Біреудің кесірінен жоқ болды. Әкімдік аз да болса көмектессе тым болмағанда қоршау салар едік», - дейді саяжай иесі Светлана Докучаева.
«Үйдің құрылысы 3 жыл бұрын ғана аяқталған болатын. Бәрі өртеніп кетті. Металдың өзі майысып жатыр. Жанында тұрған ағаштар да жоқ. Биыл су тасқыны болмады деп қуанып едік», - дейді саяжай иесі Андрей Каюанов.
Жанып кеткен 800 саяжайдың 60 пайызы иесіз қалған. Жалпы күн жылынғалы облыс көлемінде өрт оқиғалары жиіледі. 101 қызметіне соңғы 3 тәулікте 130 шақырту түсті.