$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда 4 жастағы бала жерасты суына лық толы шұңқырға құлап көз жұмды

Шұңқыр кәріз сору станциясын салу үшін қазылған. Бірақ маңайы қоршалмай беті ашық тұрған дейді, марқұмның жақындары.

Алматыда 4 жастағы бүлдіршін жерасты суына лық толы шұңқырға құлап, көз жұмды. Адам өліміне себеп болған шұңқыр кәріз сору станциясын салу үшін қазылған.

Бірақ маңайы қоршалмай беті ашық тұрған дейді, марқұмның жақындары. Олар қайғылы жағдайға құдықтың құрылысына жауапты мекемені кінәләйді. 

Қайғылы оқиға Алатау ауданындағы Қарасу шағын ауданында болған. Рамазан есімді балғын түскі мезгілде есік алдына ойнауға шыққан. Ойын баласы үйінің қасындағы мына шұңқырға тайып жығылыпты. Үлкендер көмекке келгенше, тұншығып қалған көрінеді.    

"Көшеде кетіп бара жатқан едік, досым екеуміз. И сол баланың анасы көріп қалып өзі көшеге жүгіріп  шықты айқайлап, бізді шақырған соң жүгіріп келіп баланы көріп шығарып алдық. Бірақ шығарғанмен сәл үлгере алмай қалыппыз", - дейді Қарасу шағын ауданының тұрғыны Савредин Мырзамов.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы болған жайтқа әлі сене алар емес. Олар шұңқырдың бетін жаппаған жауаптыларды жазғырып отыр. 

"Балақай есіктің алдында ойнап жүрген. Одан басқа 7 айлық қарындасы бар. Сол анасы 7 айлық баланы киіндірем дегенде бұл бала далаға шығып кеткен. Бір 5-10 минуттың арасы ғана. Бұл яманың ашық тұрғанына біраз болды. Ешқандай жауапкершілік жоқ құрылыс компанияларында. Ашық-шашық  тастап кеткеннен кейін біз осындай жағдайға ұрынып отырмыз", - дейді марқұм Рамазанның әпкесі Әсел Ошақбаева.

Қайғылы оқиғадан соң мамандар шұңқырды былай қоршап қойыпты. Бірақ бұл қауіп сейілді деген сөз емес дейді бұқара. 

"Мына жерде қоршау болмаған, орында сетка ғана тұрған. 5 жастағы баланы кім қарап отырады жүгіріп барып ойнаған аяғы топырақ қой езіліп жатыр. Құлап кетті қайтыс болды, кім кінәлі. Тастаса да биіктетіп жабу керек еді", - дейді Қарасу ауданының тұрғыны Айнаш Салықбаева. 

"3 жыл болды осы кәріз, ауыз су мәселесінің шешілмей жүргеніне. Ауыз су бірде бар бірде жоқ. Орталық су құбырына қосамыз дегендеріне 3 жыл болды. Жолдың бәрі қазылған. Шұңқырлар көп", - тұрғындардың бірі Катерина Лагуткина.

Шұңқырды қазуды қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы тапсырған. Мердігер компанияны да солар жалдаған.  

"Негізі кәріз сору станциясы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес осы жерде орналасуы керек. Құрылыс қазба жұмыстары 25-ші сәуір күні басталған. Кейіннен жұмыс барысында жер асты сулары көп мөлшерде шаққандықтан кәріз сору станциясын орнату мүмкіншілігі болған жоқ", - дейді Алматы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы су және газбен жабдықтау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Іліпбаев.

Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Сот медициналық сараптама тағайындалған. Қас бен көздің арасында баласынан айрылып қалған отбасы мердігерді сотқа бермек.

"Астана" арнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы