03.10.2022, 22:20

Сарыағашта жүргізуші куәлігі жоқ 22 жастағы жігіт адам қағып, қашып кеткен

Қазіргі таңда жәбірленуші ауруханада ем қабылдауда.

Жол апаты салдарынан жарақат алған жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда жәбірленуші ауруханада ем қабылдауда, деп хабарлайды Zakon.kz.

28 қыркүйекте Сарыағаш аудандық полиция бөліміне орталық ауруханадан жергілікті тұрғынның бірі жол-көлік оқиғасынан жарақат алғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Хабарлама алған бойда полицейлер оқиға орнына шықты.

Тәртіп сақшыларымен анықталғандай, Сарыағаш қаласы арқылы өтетін Жібек жолы – Жетісай тас жолы бойында Mercedes-Benz E 240 көлік жүргізушісі алдынан шыққан адамға қарамай, көлігін одан әрі басқарып, соғып кеткен. Онымен қоймай, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жол ережесін өрескел бұзған бұл жүргізушіні анықтап, ұстау мақсатында сарыағаштық тәжірибелі полицейлер шұғыл іске кірісті. Нәтижесінде жүргізушінің жеке басы анықталып, ол көшелердің бірінен ұсталды. Тексеру кезінде оның жүргізуші куәлігі жоқ 22 жастағы жас жігіт екені анықталды.

Аталған жайт бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігі, 612-бабының 2-бөлігімен екі бірдей хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар, 2 қазанда іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Анықтау бөлімшесіне өткізіліп, ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) тіркелді.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде жол апаты салдарынан жарақат алған жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда жәбірленуші ауруханада ем қабылдауда.