$ 448.89  477.93  4.76

«Бірнеше рет ұрып, басына тапанша тақаған»: Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде танысқан қызды үйіне апарып қорлаған

Ол өзін Бекжан деп таныстырыпты, бірақ Tinder-де аты басқа болған.
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының тұрғынын әлеуметтік желіде танысқан жігіті үйіне апарып, қорлық көрсеткен. Жәбірленушінің інісі ер адамдың әпкесінің басына тапанша тақағанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz.

Жәбірленушінің інісі оқиға жайында Instagram парақшасында баяндады. Айтуынша, жақында әпкесі Tinder әлеуметтік желісі арқылы бір жігітпен танысқан.

“Ол өзін Бекжан деп таныстырыпты, бірақ Tinder-де аты басқа болған. Әпкемнің сөзінше, желі арқылы сөйлескен кезде жігіт сыпайы және қарапайым болып көрінген. Ол көп ойланбастан әпкеммен кездескісі келетінін айтып, кафеге шақырған. Осыдан кейін оның шынайы бейнесі ашыла бастапты. Біріншіден, жігіт жалғыз емес досымен болған. Олар өздерінің жеке шаруалары туралы ақылдасып, көп мөлшерде ішімдік ішкен. Әпкемді бұл жағдайлардың бәрі қымсындырған. Кеткісі келетінін айтқанда жігіт мас болып қалғандықтан әрең тұрғанын, өзіне біреудің қарайлауы керектігін айтып, аяушылық танытуын сұраған. Ең бастысы еркексымақ сөмкесінде ақша толы екенін, біреу тонап кете ме деп қорқатынын жеткізген. Аңқау әпкем мейірімділік танытып, оны таксимен үйіне дейін жеткізіп тастауға шешім қабылдайды. Осы жерде нағыз сорақылық басталған”, – дейді жәбірленушінің інісі. 

Жігіт пәтеріне дейін жетектеп апарған аруды есікті аша салысымен күштеп сүйреп, ішке кіргізіп алған. Інісінің айтуынша, әпкесі дереу қашып кеткісі келіп, әрекет жасағанда әлгі еркексымақ оны бірнеше рет ұрып, басына тапаншасын тақайды.

“Оның қандай күйде болғанын елестетіп көріңіздерші. Ары қарай қаскүнем “әпкемнің тәкаппар болғанын, ішімдік құйып бермегенін айтып” тиісе бастаған. Қуанышқа орай, әпкем дереу есін жиып, жігіт жаққа бара жатқанын құрбысына айтқанын, егер оған қандай бір жағдай болса басы бәлеге қалатынын айтады. Сол арада жігіт тез есін жинап, оны жібере салған”, – дейді ол.  

Осыдан кейін жәбірленуші бірден Алатау аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазған. 

“Жігіт дереу келіп, кешірім сұрай бастады. Оның аты Бекзат екені анықталды. Туыстары әпкемнен өтінішін қайтарып алуды сұрап, жалынғандай. Ауызбастырғы ретінде бірнеше миллион теңге береміз деп уәде етті. Алайда әпкем ұсыныспен келіспеді. Бірақ біраз уақыттан кейін құқық қорғау органдарының пиғылы да белгілі болды. Полицейлер бұның бос іс екенін айтып, онымен татуласуды ұсынды. Осылайша істі жауып, оны жібере салып отыр”, – дейді жәбірленушінің әпкесі. 

Осы жағдайға қатысты Алматы полиция департаменті пікір білдірді. 

“Алатау ауданына қарасты полиция бөлімінің мәліметінше, аталмыш дерек соталды бірыңғай тізілімге тіркелді. Іс Қылмыстық Кодекстің 120 бабы “Зорлау” бойынша тіркеліп, қазіргі таңда тиісті сараптамалық зертеулер тағайындалды. Оның ішінде сот медициналық сараптама бар. Қорытындысына сәйкес, қылмыстық іс аясында процессуалдық шешім қабылданатын болады”, – делінген полиция мәлімдемесінде. 

Айта кетсек, оқиғадан кейін әлеуметтік желіде дәл осы жігіттен зорлық көрген тағы бір құрбанның бар екені белгілі болды. 

Жігіт дәл менің әпкем секілді ол қызбен де әлеуметтік желіде танысып, сол схемамен үйіне апарған. Басына тапанша тақап, ойына келгенін жасаған. Аруға неге сол кезде үстінен арыз жазбадыңыз деп сұрағанымда, оның өлтіремін деп қорқытқанын мәлімдеді. Ақырында ештеңе дәлелдей алмайтынын айтып, одан кешірім сұрап құтылған. Менің постымды оқығаннан кейін өз кінәсін түсініп, жақын күндері Алматыға келіп, оның үстінен арыз жазатынын жеткізді. Тіпті, үйге қинап апарғаны жайында дәлелдері, екеуінің хат алмасылары да бар екен. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары