10.10.2022, 12:40

Түркістан облысында ер адам шөп тиелген жүк көлігін қасақана өртеп жіберген

Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 6 миллион теңгеге жуықтаған.

Түркістан облысында ер адам шөп тиелген жүк көлігін өртеп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сағат 21:50 шамасында Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне ауыл көшелерінің бірінде шөп артып алған «ГАЗ 53» маркалы жүк көлігінің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, белгісіз біреу Бәйдібек ауданының тұрғынына тиесілі 280 шөп орамы тиелген жүк көлігін өртеп жіберген. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 6 миллион теңгеге жуықтаған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Сайрам ауданының тұрғынын анықтады. Белгілі  болғандай, ер адам мас күйінде белгісіз себептермен жәбірленушінің көлігін өртеп жіберген», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті қамауға алынды.