Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ірі жол апаты болып, 6 адам қаза тапты, жарақат алған 4 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жол апаты 13 қазан күні сағат 17.30 шамасында Mercedes және Subaru автомашиналарының қатысуымен болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша 28 жастағы Mercedes жүргізушісі Алматы - Көкпек - Көктал тас жолының 69 шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып, Subaru көлігімен жанамалы соқтығысуға жол берген. Одан әрі басқарудан айырылып, жол жиегіндегі ағашқа соғылған.
Оқиға орнында Mercedes көлігінде болған 6 адам қаза тапты, олардың 4-уі кәмелетке толмағандар. Әр түрлі жарақаттармен зардап шеккен тағы 4 адам ауруханаға жатқызылды.
Айта кету керек, 1992 жылы шыққан Mercedes-те 10 адам болған, оның 7-уі кәмелетке толмағандар.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері барлық мән-жайларды анықтауда. Факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.