16.10.2022, 23:27

«Есірткі қосылған конфет берген»: Полиция Рудныйдағы егіз баланың өліміне қатысты мәлімдеме жасады

14 қазан күні Рудный қаласында алты жасар егіз бала жұмбақ жағдайда көз жұмған еді.

Қостанай облысының Рудный қаласында қайтыс болған егіздердің қазасы әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Осыған орай, Рудный қалалық полиция басқармасы жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Айта кетелік, 14 қазан күні Рудный қаласында алты жасар егіз ұлдар жұмбақ жағдайда көз жұмды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балалар 12 қазан күні жедел жәрдем көлігімен Рудный ауруханасына жеткізілген. Ауруханаға түскен кезде олар әлсіздік, денесіндегі діріл, ұйқышылдық пен эмоционалдық тұрғыдан тұрақсыздық секілді белгілерге шағымданған. Балалар ауруханаға жатқызылған және инфузиялық терапия жүргізілген. Өкінішке қарай, олар 14 қазанда көз жұмған.

Бұл оқиға Рудный халқын дүр сілкіндіріп отыр. Әлеуметтік желіде егіздердің өліміне себеп болуы мүмкін түрлі жайттар туралы таралып жатыр. Солардың бірінде белгісіз ер адам дүкен алдында тұрған егіздерге есірткі қосылған конфет беріп, содан соң олардың жағдайы нашарлағаны айтылуда.

Алайда Рудный қалалық полиция басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желіде балалар есірткі затынан улануы мүмкін деген ақпарат таралуда. Облыстық полиция департаменті бұл ақпараттың расталмағанын мәлімдейді. Жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз", - деп жазды полиция басқармасының баспасөз қызметі. 

nur.kz