$ 494.87  520.65  4.91

«Жұдырықпен ұрып өлтірген»: Жетісайда әйеліне айуандық жасаған тұрғын сотталды

Балаларының көзінше әйелін өлтірген 32 жастағы тұрғын 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Түркістан облысы Жетісай аудандық соты балаларының көзінше әйелін аяусыз ұрып өлтірген 32 жастағы Айбек Айкөзовті кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Оның кәмелет жасқа толмаған төрт баласы ата-әжесінің қолында қалды. Үкімді судья Марат Күйдеубаев шығарды.

Сот бұрын сотты болған айыпталушы Айкөзовті Қылмыстық кодекстің  «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен (106-бап) кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

Сот тергеуі кезінде Айкөзов ішімдік ішіп әйелін балаларының көзінше аяусыз ұрып, тепкілегені анықталған. Әйел есін жимаған күйі Асықата орталық ауруханасының жан сақтау бөлімінде қайтыс болған.
Айыпталушы тағылған айыпты ішінара мойындайды. Ол әйелінің шекесінен жұдырықпен ұрғанда, басымен батарейкаға соғылып есінен танғанын айтқан. Бірақ дәрігерлер марқұмның өлімге әкелген бас жарақаты батарейкадан емес екенін көрсеткен.

Марқұм Әйгерім мен Айбектің төрт баласы бар. Тұңғышы – 8 жаста, кенжесі сегіз айлық бала. Сот балаларды Айбектің әке-шешесінің қамқорлығына қалдыруға қаулы шығарды.

Іс сотқа 8 тамыз күні түскен. Оқиға 22 маусымда болған. Жәбірленуші деп танылған марқұмның туыстары Айкөзовті «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен (106-бап) емес «Адам өлтіру» бабымен (99-бап) соттауды талап еткен.

Бұдан бұрын Түркістан облысы Ордабасы ауданында ер адам балаларының көзінше әйелін ұрып өлтірген. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырған.

                                                                                                                                               Orda.kz.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары