Түркістан облысының Сарыағаш ауданында банкке 12 млн теңгеден астам шығын келтірген жігіт қамауға алынды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне банктердің бірінен қатынас хат келіп түсті. Жәбірленуші тараптың айтуынша, белгісіз біреу банк қосымшасы арқылы 2021 жылы жалған тауар сату және сатып алумен айналысып, банкке 12,5 млн теңге шығын келтірген.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Банкке ірі көлемде шығын келтірген күдіктіні ұстап, қылмысты ашу мақсатында сарыағаштық тәжірибелі полицейлерден арнайы топ құрылды. Олар тиісті іздестіру шараларын жүргізіп, куәгерлерден жауап алды. Жан-жақты атқарылған жұмыс нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жас жігіт полицияға жеткізілді.
Белгілі болғандай, күдікті кәсіпкер ретінде тіркеліп, банк қосымшасы арқылы өзі сатушы, өзі сатып алушы болып, бірнеше рет сату-сатып алу операцияларын жасаған. Алайда ешқандай тауар алмай, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.