$ 494.87  520.65  4.91

Атырауда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты

Жол апаты қоғамдық көлік жүргізушісінің кесірінен болған.

Атырауда автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, екі адам ауруханаға жеткізілді. Жол апаты қоғамдық көлік жүргізушісінің кесірінен болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол-көлік оқиғасы, 13 қарашада жергілікті уақытпен 15:00 шамасында болған.

«Атырау қаласында жолаушы тасымалдайтын қоғамдық автокөліктің 1969 жылғы жүргізушісі екінші деңгейлі жолақта келе жатып, ВАЗ – 2141 маркалы жеңіл көлікке жол бермеген. Салдарынан жолаушы алып келе жатқан автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Соққының екпінімен қоғамдық көлік электр бағанасына соғылды. Ал, ВАЗ – 2114 көлігінің 24 жастағы жүргізушісі мен 1 жолаушысы әртүрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі адам жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тиісті іс құжаттарын жинақтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 78 адам мерт болғанын хабарлаған едік.

Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 10 айда 286 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан 78 адам көз жұмған. Ал, 340 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

«Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 17, адам өлімі 36, дене жарақатын алғандар саны 18%-ға өскен. Осы кезеңде жасөспірімдердің құралын басқаруының салдарынан болған 6 жол апаты тіркеліп отыр. Жол апатынан 1 жасөспірім қаза тауып, 9-ы зардап шекті», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары