20.11.2022, 14:30

Астанада үш адамды құтқарған өрт сөндіруші көз жұмды

Бүгін ауруханада жатқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды.

Бүгін ауруханада жатқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды. Оның өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше тәулік бойы аянбай еңбек етті. Асқар Астана қаласында болған өрт кезінде  адамдардың өмірін құтқару кезінде батырлық танытты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы Асқар Забикулиннің туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады.         

Асқар ақжарқын адам, жауапты қызметкер, кәсіби өрт сөндіруші және сауатты маман болды. Әріптестері арасында әділ, өз мамандығын сүйетін қызметкер ретінде құрметке ие.

Асқардың әйелі мен екі баласы қалды.

 ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан- жақты көмек көрсетеді.

Айта кетейік, Астанада өрттен үш адамды құтқарған өрт сөндіруші ауыр халде жатқанын хабарлаған болатынбыз. Өрт сөндіруші өртке оранған пәтерге жоғарғы қабаттан кіру үшін қорғаныш киімін шешіп, тек дем алу аппаратын ғана алған. Үйден 80 жастағы әжені, 22 жастағы немересін және көрші пәтерде балконға тығылып қалған 10 жасар баланы өрттен аман алып қалған.