28.11.2022, 18:20

Қарағанды облысында далада тұрған төрт көлік жанып кетті

© Photo : Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті
Жыл басынан бері облыста 141 көлік өртенді. 2 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды.

Қарағанды облысында бір тәуліктің ішінде төрт көлік өртенді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, төрт оқиға Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында тіркелген. Өрттің негізгі себебі – электр сымдарының тұйықталуы.

"Автокөліктегі өртке отын немесе электр жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі негізгі себеп болады. Қыс мезгілінде көліктерді ашық отты қолдана отырып жылыту кезінде де өрт шығады. Автокөліктің дизайнында жанғыш материалдар көп қолданылады. Сондықтан кез келген автокөлікте өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау қажет", - дейді құтқарушылар.

Жыл басынан бері облыста 141 көлік өртенді. 2 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды.

Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі бойынша қарапайым шараларын ұмытпау қажеттігін еске салды.

Олар: -уақтылы техникалық қызмет көрсетуден өту; -көлікті үнемі тексеріп отыру, әсіресе, электр сымдарына назар аудару; -өрт сөндіргішті қолжетімді жерде сақтау; -қыста мұздаған бөлшектерді жылыту үшін ашық отты пайдаланбау.