Атырауда жеңіл көлік қаққан жаяу жүргінші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 20 желтоқсанда сағат 21:00 шамасында болған.
«Атырау қаласының «Жұлдыз» мөлтек ауданында орналасқан «Ботақаным» супермаркеті тұсында болғаны анықталды. «ВАЗ – 21101» автокөлігінің рульінде 24 жастағы жүргізуші болған. Жүргізуші реттелмеген жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 1993 жылғы жаяу жолаушыны қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнынан қаза тапты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір аталған дерекке қатысты Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.