$ 491.7  531.28  5.07

Алматы тұрғыны бұрынғы әйеліне бензин шашып, өртеп жіберген (ВИДЕО)

Артынан әйелді құлатып, екі канистра бензин шашып, дүкенге өрт қойған.

Алматыда ер адам әйелге екі канистра бензин құйып, өртеп жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқиға 21 желтоқсанда болған. Бұрынғы күйеуі 41 жастағы әйел сатушы болып істейтін дүкенге қарумен кіріп, сатып алушыларды қуып шыққан. Артынан әйелді құлатып, екі канистра бензин шашып, дүкенге өрт қойған. Жарылыс салдарынан өрт шығып, дүкен маңындағы дәріхана да өртеніп кеткен.

"Менің әпкемнің бұрынғы күйеуі 21 желтоқсанда дүкенді жарып жіберген. Әпкем жалғызбасты, бір қызы бар. Бір ай бұрын әкем кредит алып, әпкеме дүкенді жалға алып берген", - дейді зардап шегушінің сіңлісі Гүлмира.

Ер адам дүкендегілерді қарумен қорқытып, қуып шығып, есікті іштен кілттеп алған. Дүкенге қарумен кірген адамды көрген таксист Бауыржан Әуелбеков жан-жақтан, көмек сұрай бастаған.

"Дәріхана сатушысына, дүкенді жалға берген адамға жүгіріп барып ескерттім. Қайтып келіп есікті тартсам ашылмайды. Сол-ақ екен жарылыс болды", - дейді Бауыржан Әуелбеков.

Есікті теуіп ашып, таксист түтіннің арасынан әйелді тапқан. Көтеріп алып, жақын маңдағы ауруханаға жүгірген. Өрттен өзі де зардап шеккен. Төрт баласымен пәтер жалдап тұратын таксист көлік жүргізіп, нәпақасын табуға жарамай отыр.

Өйткені өрт кезінде қолдары күйіп, дене жарақатын алған.
Ал зардап шеккен Индира Тергеубаева ауруханада жатыр. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.

"Жағдайы орташа ауыр. Денесінің 9 процентін күйік шалған. Оның екі пайызы өте терең күйік", - дейді 4-ші қалалық аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі Елдос Әлменов.
Ал өрт қойған ер адам сол жерде жанып кеткен. Полиция қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтады.
"Кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғалды. Оқиға орнынан табылған қарудың кімге тиесілі екені анықталып жатыр. Сондай-ақ қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы ІІМ мен Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары