26.12.2022, 23:30

Батыс Қазақстанда екі жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші көз жұмды

44 жастағы жүргізуші оқиға орнында мерт болды.

Батыс Қазақстан облысында екі жүк көлігі соқтығысып, 44 жастағы жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 24 желтоқсан күні Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылы тұсында болды.

«Шамамен сағат 18.00-де Самара-Шымкент тас жолында 44 жастағы жүргізуші «Вольво» жүк көлігінің руліне ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Сөйтіп 39 жастағы қырғызстандық жүргізуші айдап келе жатқан DAF жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан 44 жастағы қазақстандық жүргізуші оқиға орнында мерт болды. «Вольво» көлігінде отырған 24 жастағы жолаушы түрлі жарақаттармен Орал қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 24 жастағы жігіт облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінде ем алуда. Жағдайы тұрақты.