28.12.2022, 14:20

Павлодарда көп қабатты үй өртеніп, екі бала газға уланып қалды

Фото: облыстық ТЖД
ТЖД қызметкерлері 4 баланы құтқарып, 18 адамды эвакуациялады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өрт туралы хабар 28 желтоқсан күні сағат 10:20-да келіп түскен. Өрт Ломов көшесі, 152/2 мекенжайындағы үйде шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

- 9 қабатты көп пәтерлі үйдің 1-қабатындағы қоқыс жинайтын орында өрт шыққан. Салдарынан 9-қабаттағы пәтерде 2000 жылғы әйел мен 2019 және 2022 жылы туған балалары газға уланып, ауруханаға жатқызылды, - деді департаментте.

Сондай-ақ ТЖД қызметкерлері 4 баланы құтқарып, 18 адамды эвакуациялады. Өрт сағат 11:13-те сөндірілді. Жалын 5 шаршы метр аумақты шарпыды. Апаттың себебі анықталуда.

Облыстық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, медқызметкерлер 2 бала мен 3 ересек адамға көмек көрсеткен. Газға уланған 3 жасар қыз бала мен 8 айлық ұл бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Олардан бөлек, жеңіл дәрежеде уланған 32 және 69 жастағы ер адамдар ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

Оқиға орнына ТЖД 21 қызметкер мен 6 техника, құтқарушылар тобы, жедел жәрдем мен медициналық қызметкерлер жұмылдырылды.