31.12.2022, 15:20

«Әке бізді ұрды»: Ақтөбеде көз жұмған Данил Ахуновтың өмірі жайлы шындықтың беті ашылды

Үшеуін де таяқпен ұрғандай із қалған.

Ақтөбеде жоғалып, кейін өлі табылған Данил Ахунов үшемнің бірі болған, деп хабарлайды КТК арнасы. Анасы ішімдікке әуес болып, ата-ана құқығынан айрылған. Сондықтан осы уақытқа дейін "Үміт" сәбилер үйінде тәрбиелініп келген. Тек бірер ай бұрын ғана әкесі адвокатымен келіп үшемді қолына алыпты.

Соңғы рет сәбилер үйіндегі мерекелік шараға келгенде үшемнің кенжесі әкелерінің ұрып-соғатынын айтқан. Сол кезде хаттама толтырылып, бірақ аяқсыз қалған.

"Бірінші желтоқсанда біздің қызметкерлер балалардың денесінен соққы іздерін байқап қалады. Туған күндеріне орай мереке ұйымдастырып, соған шақырып едік. Әкесі үшемді әзер әкелді. Данил "әкеміз бізді ұрады" деп ашық айтты. Үшеуін де таяқпен ұрғандай із қалған. Дереу инспекторларды шақырып, хаттама да толтырылды", - дейді "Үміт" сәбилер үйінің бас дәрігері Айгүл Бижанова.

Сол кезде балаларды әкесінен неге қайтып алмағаны әзірге белгісіз. Ал Данил жоғалғаннан соң қалған екі бауыры "Аяла" деп аталатын бейімдеу орталығына жіберілген. Қос бүлдіршін қазір сонда тәрбиеленіп жатыр.

Sputnik.kz