18 қаңтарда Астана маңайында парашютпен жоспарлы секіру бойынша оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталу үстінде. Қазіргі кезде тексеріс жүргізіліп жатыр.
“Әскери қызметші 2022 жылдың көктемінде Қарағанды қаласынан әскер қатарына шақырылған болатын. Командирлері мен қызметтестері арасында үлкен беделге ие болған еді. Бауырмашыл, қызметі жағынан үнемі жақсы жағынан көрінетін. Борышын өтеуге келгелі бері әскери істі үйренуге ерекше ынта танытып жүретін. Өз ата-анасының айбынды ұлы, нағыз патриот және қызметтестері арасында үлгілі азамат болатын”, – делінген хабарламада.
Министрлік әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.