26.01.2023, 23:30

Мектептегі төбелес: 10 жасар бала ауруханада жатыр

Фото: ашық дереккөзден
Шағымданушы тарап полицияға арыз түсірген.

Алматы облысы Талдыбұлақ ауылындағы мектепте соққы алған он жастағы бала әлі ауруханада жатыр, деп хабарлайды  «Алматы» телаарнасы.

Жұдырық жеген оқушының мыйы шайқалған дейді дәрігерлер. Ал зардап шеккен баланың анасы оқиға болған, яғни 20 қаңтарда мектеп басшылығы жедел-жәрдем шақырмай, жағдайды жасырмақ болды деп айыптап отыр. Оның айтуынша, қансыраған баласын өзі таксимен ауруханаға апарған.

Бейнекадрден екі оқушының сөзге келіспей, тар дәлізде төбелесіп қалғаны анық көрінеді. Екеуара ерегістен соң қара күртешедегі оқушы қызыл киімдегі баланы қабырғаға тақап тұрып төмпештей түседі. Таяқ жеген жеткіншек сыртқа шығып, талып құлапты.

«Өтіп кетейін деп едім, мені боқтады, мен де оны боқтадым» дейді балам. Оны аяғымен тепкен, ол тура камераның алдында бетінен 5 рет ұрған. Сосын балам далаға шығады да, тура мектептің алдында құлап қалады. Жедел жәрдем шақырмаған. Бірінші көмек беру керек қой. Бала өліп қалса қайтеді», – деді зардап шеккен оқушының анасы Нұргүл Құдайбергенова

«Келеңсіз жағдай орын алып отыр. Мен тәрбие жөніндегі орынбасарға, сынып жетекшілеріне, сол күнгі кезекшілерге де ескерту бердім. Оқушылар үш ауысымда оқиды. 320 орындық мектепте 1376 оқушы отырмыз. Төрт есе, дәліздің барлығы тар. Жаңа екі бала иығымен тіресіп сөзге келіп қалып отыр ғой», – деді Қ. Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектеп-гимназиясының директоры Зәмзәгүл Марипова

Ал мектептегі медбике өз тарапынан алғашқы көмек көрсеткенін айтып отыр. Ісігіне мұз басып, жағдайды бақылауға алған. Оның айтуынша, баланың ол кезде мұрыны қанамапты, тек бас ауырғанын айтып шағымданған.

«Жедел-жәрдем шақыртпаған себебім, бала жылап отырды. Жас ерекшелігіне қарадым. Ата-анасыз, кәмелетке толмаған баланы жедел жәрдем көлігіне салып, алып кетуге құқығым жоқ», – деді Қ. Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектеп-гимназиясының медбикесі Гүлнұр Сағалова.

20 қаңтарда ауруханаға түскен жас жеткіншек әлі ем алып жатқан көрінеді. Мамандар 6 күнде толық айығып кетпегендіктен, үйге жібермеген.

«Бала ауруханаға түскенде бас ми жарақатын алып, миы шайқалған. Қазір емін алып жатыр», – деді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирургі Есентай Жаңабаев.

Арнамызға хабарласқан ата-ана аталған мектепте тәртіптің салғырт екенін айтады. Алдыңғы жылы да үлкен ұлын жоғарғы сынып оқушылары жұдырықтың астына алыпты. Ол кезде де мектеп директоры жылы жауып қойған көрінеді. Бұл жолы шағымданушы тарап полицияға арыз түсірген. Өйткені, баламны ұрған оқушының ата-анасы да кешірім сұрамаған көрінеді.