15.09.2014, 09:56

«...Бекболат ағанікі өнерге жаны ашу емес»

Сурет: aynaline.kz

Жүрсін Ерман да Бекболат Тілеухан да қазақтың маңдайына біткен бақ. Екеуі де ұлттың аяулы ұлы. Екеуі де текті адам. Ұрпақ тараса екеуінен тарасын. Бірақ, бір нәрсеге ішім ашиды. Неге Бекболат аға айтыстың шылбырын қолына алғысы келді? Жүрсін Ерман екі тізгінін тең ұстап келе жатыр еді ғой. Бекеңсіз де айтыс айтыс еді. Айтыс онсыз да асқақтап тұрған. Онсыз да айтыс өлмейтін еді. Өйткені Жүкең тірі ғой. Бұл жерде басы ашық нәрсе бар. Бекболат ағанікі өнерге жаны ашу емес. Егер шынымен өнер үшін, өнерге жаны ашығандығы үшін еңбектенгісі келсе, өзінің тербетілген бесігі - дәстүрлі ән өнері бар емес пе? Сол дәстүрлі ән қазір бейшара күйде. Соны неге жандандырмайды? Ол Бекеңнің қолынан келетін еді ғой. Бұл жерде Бекеңе идеология керек сияқты. Кешегі Ақанның «Балқадишасын» бір әншінің балбыратып орындағанынан қазаққа келер пайда аз. Ал айтыста жаңа сөз, жаңа ой айтылады емес пе? Мен бұл жерде ештеңе айтқым келген жоқ. Тек Жүрсін Ерманды жетімсіретпейікші. Ол айтыс үшін туылған адам. Енді қанша өмірі қалды дейсіңіз, 50-ақ жыл өмірі қалды. Сол елу жылында оны айтысынан айырмайық. Ал Бекболат ағамның домбырасы бар емес пе?!

Бейбіт САРЫБАЙ,

ақын.