Руханият 28.03.2019 сағат 13:58

«Өшпес ерлік»: Қарағанды облыстық әмбебап кітапханасында жыр мүшайра өтті

«Өшпес ерлік». 28 наурыз күні осындай атаумен Қарағанды облыстық әмбебап кітапханасында Кеңес Одағының Батырлары Нүркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановтың 100 жылдық мерейтойларына арналған облыстық жыр мүшәйрасы өтті. 

«Өшпес ерлік»: Қарағанды облыстық әмбебап кітапханасында жыр мүшайра өтті
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жастар жылында өлкеміздің әр саласында жаңашыл бастамаларға жол ашылуда. Сондай бастамалардың бірі ретінде көк аспанда қалықтаған Сарыарқа сұңқары Нүркен Әбдіров пен Ақтоғайдың жұлдызын жағып, атын жат елдің аузында қалдырған біртуар перзентіміз Қазбек Нұржановтың есімдерін жаңғырту, рухтарына бас ию мақсатында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы облыстық көлемде «Өшпес ерлік» атты жыр мүшәйрасын өткізді.

Мүшәйраға Ақтоғай, Жаңаарқа, Шет, Ұлытау, Осакаровка, Нұра, Бұқар жырау, Абай аудандарынан, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Шахтинск қалаларынан 16 мен 23жас аралығындағы қалам ұстаған 43 үміткерден өтінім түсті. Талантты жастардан байқаудың ережесіне сәйкес Н.Әбдіров пен Қ.Нұржановқа арналған, Қарағанды қаласының мерейтойы мен еркін тақырыптағы поэзиялық туындыларын жолдады.

Салтанатты ашылуын Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі күймен сүйемелдеп отырды.

Осы шараға арнайы Нүркен Әбдіровтың немере інісі, полицияның запастағы полковнигі - Әбдіров Әбубәкір мен Қазыбек Нұржановтың немере інісі, Ақтоғай ауданындағы Күләш Бәйсейітова атындағы жалпы білім беретін тірек мектебі ресурстық орталығы КММ дене тәрбиесі мұғалімі - Нұржанов Марат шақырылды. Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е. Ағымбаев жастарға шығармашылық шабыт тілеп, жыр мүшәйрасын ашып берді. Сөз кезегін алған батырлардың туған-туысқандары «Ерлердің есімін ұлықтап, қаһарман ұлдарын жыр-аңызға айналдырып, өшпес ерлігін жастардың жүрегінде сақтауға жасап жатқан осындай игі шараға ұйтқы болған облыстық мәдениет басқармасына алғысымыз шексіз» деп жүрек жарды тілектерін айтты.

Ескерткіш алаңына қала тұрғындары мен қонақтары, қаламыздың жоғары  оқу орындары мен колледждердің студенттері, өнер және мәдениет қызметкерлері жиналды.

Шара барысында батырға тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Мүшәйра Н.В. Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасын тапты.

Қатысушылардың жұмысын бағалап және жеңімпаздарды анықтауға Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы С.Сағынтай, Қарағанды облысы Жастар ресурстық орталығының маманы, ақын Қ. Асқар, «Арқа ақшамы» аймақтық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, ақын Ж. Жаңқашұлы, «Орталық Қазақстан» облыстық газетінің мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі, ақын Ж. Әлиман  қазылық етті.

Кітапханадағы шара «Жыр-Жауһар» поэзия клубы мүшелерінің қатысуымен батыр жайлы қойылымнан бастау алды. Тәлімді кеште қос батырымыздың ұрпақтары бабаларының ерліктерін ел есінде сақтау мақсатында жасап жатқан бүгінгі игі істері жайлы әңгімеледі. Оқырман назарына кітапхана қорындағы батырлардың ерлігін насихаттайтын «Ерлік – елге мұра, өшпес ұран» атты кітап көрмесі ұсынылды.

Жыр додасының ережесіне сәйкес түскен 43 үміткердің ақтық сынға тек 11-і жолдама алып, осы жыр мәреге қатысты.

Әділқазылардың шешімімен Бас жүлдені «Қыр баласы» лақап атты Әйткен Жоламан иеленді. Ал 1 орынды «Нұр» атты Қарағанды қаласынан Е.Төкен, 2 орынды «Қызыл найза» лақап атты А.Кәлім иеленсе, 3 орынды «ЗенА» атты лақап атты Ақтоғай ауданы Айыртас ауылының 8 сынып оқушысы А.Зенкова жеңіп алды. Сондай-ақ Ынталандыру сыйлықтарымен  Б.Ерман (Қарағанды), Б.Жұман (Шахтинск), Ж.Жұман (Қарағанды), Е.Баймырза (Ақтоғай ауданы), Д.Қайруллина (Жаңаарқа ауданы) марапатталды.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар