Руханият 19.04.2019 сағат 04:57

Елордада күй апталығы өтті

Биыл домбыра күйлерінің ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мұралар тізіміне енгізілгеніне тура 5 жыл толады. Әлемдік беделді ұйымның күйлерімізді мойындауына елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми-шығармашылық ұжымы зор еңбек сіңірді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Елордада күй апталығы өтті
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Осыған орай апта басында аталмыш оқу орнындағы Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің Домбыра кафедрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылының аясында күй апталығын ұйымдастырды. Үш күнге созылған шара барысында күй өнеріне қатысты жаңа еңбектердің таныстырылымы, алқалы мәжілістер, университет ұстаздары мен студенттерінің жеке концерттері өтті.

Шараның ашылуына жиналғандар алдымен мезгілсіз дүниеден озған зерделі музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімді бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң ХІХ ғасырдың екінші жартысында - ХХ ғасырдың басында өмір сүрген әйгілі күйші Қазанғап Тілепбергенұлының шығармашылығынан сыр шертетін университет доценті, қазанғаптанушы Еділ Басығараевтың «Серпер Ақжелең» кітабымен танысты.

«Қазанғап – ұлттық өнер тарихымыздағы жұмбақ күйші. Қазақтың күй өнері шертпе, төкпе болып бөлінетін болса, Қазанғаптың өзі бір әлем. Күйшінің ойлы күйлері – қазақ музыкасының үлкен бір несібесі. Қазанғапты тану, Қазанғаптың күйлерін зерттеу әзірге кенже қалып отыр. Оның себебі, ұмытпасам сексенінші жылдардың орта шенінде Әбділхамит Райымбергенов «Ақжелен» атауымен Қазанғаптың алғашқы күйлер жинағын құрастырып шықты. Одан соң Айтжан Тоқтағанның қолға алуымен тоқсаныншы жылдардың көлемінде екінші кітап жарық көрді. Кейін Қазанғаптың күйлері әртүрлі жинақтарға енді. Қазанғаптың көне күйлерін, басқа да күйлерін жинақтаған Еділ Басығараев «Толқында» деген кітап шығарды. Мұның бәрі Қазанғап секілді ірі күйшіні зерттеуге аздық етеді. Күйшіні зерттеу тек қана оның күйлері жинағын құрастырумен шектелмейді. Ол туралы ғылыми мақалалар жазылу керек, диссертациялар қорғалу керек, күйшінің шығармашылығы туралы ғылыми конференциялар ұйымдастырылуы тиіс. Бір атап өтерлігі, Қазанғаптың күйлерін жеткізуші шәкірттері өте көп», - дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі күйші, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.

Қазанғаптың шәкірттері қатарында Жәлеке Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Матай Қуантайұлы, Құрманғали Өмірзақов,  Нұрқат Қосуақұлы, Медеубай Бақтыбергенұлы есімдері аталады. Осылармен қатар кешегі Ахмет Жұбановтан бастап, «тірі Қазанғап» атанған Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев Қазанғаптың күйлерінің насихатталуына үлкен үлес қосты.

Қазір Ақтөбе облысында Жұмабай Жансүгірұлы дейтін жасы тоқсанға таяп қалған ақсақал тұрып жатыр. Бұл кісі Қазанғаптың күйлерін оның шәкірті Кәдіралы Ержановтың қолынан үйренген. Еділ Басығараевтың «Серпер Ақжелең» кітабы осы Жұмабай қариямен бірнеше рет кездесуінің нәтижесінде жарық көрді. Аталмыш еңбекке ақсақалдың орындауындағы Қазанғаптың жалпақ жұртқа жете қоймаған жиырма үш күйі енгізілді.

Бұл кітаптың бір ерекшелігі, жаңалығы десек те болады, күйлер ән сияқты сөздерімен берілген. Ноталық сауаты бар адамға күйлердің мағынасын ұғып алу өте жеңіл.

Алқалы мәжілістің бірі домбыра күйлерінің ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мұралар тізіміне енуінің 5 жылдығына арналды. Бұл ұлттық өнеріміз үшін айтулы оқиғаның іске асуына бастамашы болған өнертану кандидаты, профессор, Дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес (ICTM) мүшесі Саида Елеманова мұның қалай жүзеге асқанын әңгімелеп берді. Осы іске музыка зерттеушісі, күй жинақтаушы, марқұм Базаралы Мүптекеев зор еңбек сіңіргенін атап өтуге тиістіміз. Тиісті талап бойынша ЮНЕСКО-ға жіберілген жиырма минуттық бейнероликті түсіруді ұйымдастырып, оған Жанғали Жүзбай, Қайролла Сәдуақасов, Еділ Басығараев, Жұмабек Қадырқұлов, Мұрат Әбуғазы, т.б. белгілі күйшілер түсті.

Алқалы мәжіліс кезінде күйлерді насихаттау, жер-жерді аралап, жинақтау  туралы өнертану кандидаты Раушан Малдыбаева, күйші, күй зерттеуші Ардаби Мәулет, таяуда құрылған «Күйшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Нүркенов ойларын өрбітті.

Күй өнері арқылы қазақтың тарихына бойлауға болады. Мәселен, Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы сынды тұлғалардың шығармашылығы халқымыздың өмірімен астасып жатыр. Махамбет пен Құрманғазының күйлерінен өздері өмір сүрген заманның тынысы көрінеді. Өз заманын күйлеріне арқау еткен сондай күйшілердің бірі – Сейтек Оразалыұлы.

Кезінде оның күйлерін академик Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди зерттеп, нотаға түсірді. Тмат Мерғалиев ол туралы «Жаңа заман жыршысы» атты еңбек жазды. Алайда, кейінгі ғалымдардың зерттеулеріне оның шығармашылығы ілікпеді. Жас зерттеуші Айтолқын Тоқтағанның «Сейтек. Заман-ай» атты кітабы бұл олқылықтың орнын толтырғандай болды. Күй апталығында таныстырылған осы еңбекте Сейтектің күйлері неғұрлым жинақталды. Атап айтқанда, аталмыш кітапқа күйшінің 41 күйі енгізілген.

Таныстырылымда Сейтектің шығармашылығы туралы Жанғали Жүзбай, Орынбай Дүйсен салиқалы, салмақты сөз айтты. Айтолқын Тоқтағанның өзі еңбектің қалай жазылғандығынан хабар берді. Сейтектің күйлерін мектеп оқушылары, университеттің студенттері мен кітап авторының өзі тартты.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар