Отандық әнші Жігер Ауыпбаев "Меломен" тобынан бөлек шыққаннан кейін біраз қиындықты бастан өткергенін мойындады. "Көреміз" бағдарламасына келген әнші таксист болған күндерін еске алып, жан сырын ақтарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Топтан кеткен әншінің өз-өзін қалыптастыруы өте қиын. Менде ол кезде ақша да жоқ. Соңғы ақшамды алып, анаммен Умраға кетіп қалдым. Қоғамнан, өтірік нәрседен шаршап кеттім. Келгеннен кейін бас киім киіп, көзілдірік пен бетперде тағып, таксист те болдым. Клубтың алдында тұрып, орыстар шықса ғана алатынмын. Сөйтіп жүріп ақша жинадым. Мұны ешкім біле бермейді. Сосын қиналғанда ауылға кетіп қалдым. Екі айдай ауылда болдым. Бір күні белгісіз нөмір хабарласты, Алсам, Айман деген қыз хабарласты.
"Алло, Жігер аға, Айман деген қарындасыңызбын, "Жига фан" деп Жаңаөзеннен ашылған болатынбыз. Біраз тыңдарманыңыз жиналды. Өнеріңізге кішігірім қолдауымыз, демеуіміз болсын" деп, шотыма 500 мың теңге аударып жіберді. Мен өнерді тастаймын деп ауылға кеткен адаммын. Көмейіме өксік тығылып, көзден жас ақты. Түнімен киімімді жинап, Алматыға кеттім. Сөйтіп алғашқы әнім жазылды", - деді Жігер Ауыпбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылы құрылған "Меломен" тобынан арада он жыл өткенде Жігер Ауыпбаев бөлек шықты. Кейін "Меломен" тобы трио болып ән айтып, ал Ауыпбаев жеке шығармашылығын дамытуға көшкен болатын. Арада бірнеше жыл өткенде "Меломен" тобы мен Жігер Ауыпбаев отандық бағдарламаға келіп, өзара қандай түсініспеушіліктер болғаны жөнінде бар шындықты айтты.