02.04.2023, 23:30

«Неткен көркем едің, Алтынай!»: Ауылда көкпар тартып жүрген қыз Қазнетті тәнті етті

Фото: massaget.kz
Фотографтың оқырмандары көкпар тартып жүрген 15 жастағы қызды көріп тәнті болғанын жасырмады.

Ауылда көкпар тартып жүрген қыз қазнетті тәнті етті, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Көкпар тартып жүрген - 15 жастағы Алтынай есімді қыз. Фотограф, режиссер Ернар Алмабек Алтынаймен сөйлесіп, парақшасында ол туралы видео жүктеген. Оқиға Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылында болған. 

"Көп бозбаланың ішінде атқа мініп жүрген жалғыз қызды көргенде көрерменнің бірі болар деп мән бермегем. Көкпар басталғанда әлгі қыз додаға кіріп кеткені… Әрине, жігіттер сияқты ұзақ шаппады. Бірақ осы әрекетінің өзі тамсануға тұрарлық. Есімі Алтынай екен. Жасы 15-те. Демалып тұрған сәтін пайдаланып, суретке түсіріп алдым", - дейді Ернар Алмабек. 

Алтынайдың өзі көкпар тартқан ұнайтынын айтады. 

"Көкпарға қызығып жүргеніме бір жылдай болды. Салым салмадым, бірақ жерден іле аламын. Әкеммен басында еріп алған болатынмын. Содан кейін әкем "қыз баласың, қой, барма!" деген. Бірақ өзімнің сұрауым бойынша барамын дедім. Содан бардым", - дейді Алтынай Ернар Алмабекке берген сұхбатында. 

Фотографтың оқырмандары көкпар тартып жүрген 15 жастағы қызды көріп тәнті болғанын жасырмады. 

"Мәссаған! Тамсанып қарадым! Жарайсың! Алла тіл көзден сақтасын!"

"Табиғи сұлулық, неткен көркем едің, Алтынай!", "Құдай жаным, тәп тәтті қыз екен, таза, табиғи, ешқандай жасандылық жоқ. Түсірген автор да өз ісінің хас шебері екен, небір шынайы туындылар дүниеге келе берсін"

"Жарайсың! Алтынай секілді алтын қыздар көп болсын! Биязы бола тұрып өжет, көркем мінезді бола тұрып намысты қарапайым қазақ қыздары. Сұхбаттасып, фотоға түсіріп, видеоға түсіріп бізге насихаттаған сізден де айналдым. Аман болыңыз!", - дейді Желі қолданушылары.