05.04.2023, 12:20

«Сайқал»: Баян Алагөзова «Kesh You» тобымен болған келеңсіз жағдай туралы айтып берді

Фото: ©instagram.com/bayanmaxatkyzy/keshyou_official
Ешкімнің, ешқашан біреуді кемсітуге, қорлауға хақысы жоқ. Алдағы уақытта менің ар-намысым мен беделімді қорғау жөнінде сот болады.

Отандық белгілі продюсер Баян Алагөзова түсірілім кезінде "Kesh You" тобының қыздарын қорлап, тіл тигізген адам туралы айтты. Продюсердің сөзіне сенсек, болған оқиға жайлы тым кеш білген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Баян Алагөзова өзгелер сабақ алсын деген мақсатта әлеуметтік желідегі парақшасына осы туралы жазба жариялады.

“Осыдан төрт ай бұрын "Kesh You" тобының қыздары ыңғайсыз жағдайға тап болды. Кезекті түсірілім барысында Сандуғаш есімді атқарушы продюсер көпшіліктің көзінше қыздарға “сайқалдар” деген. Мен топ мүшелерінің жайсыз жағдайда қалғаны жайлы, олардың реніші мен көз жасына ерік бергені туралы тек екі айдан кейін білдім. Тез арада заңгерге хабарласып, 1-2 күн ішінде ол әйелді сотқа бердік. Сот шешіміне сәйкес Сандуғаш өз ісіне өкініп, қыздардан кешірім сұрады”, – деп жазды Баян Алагөзова. 

Продюсер бұл келеңсіз жәйтті не себепті көпшілікке айтып, сөз қылуының себебін түсіндірді.

“Мұнымен не айтқысы келіп отыр?” деген ойлап отырған шығарсыздар. Болған жағдайдан кейін мен оның енді ешқашан өзгелерге тіл тигізбейтініне сенімдімін. Ал жазбаны осындай жағдайлар қоғамды бір-бірін сыйлауға үйретеді деген үмітпен жарияладым. Ешкімнің, ешқашан біреуді кемсітуге, қорлауға хақысы жоқ. Алдағы уақытта менің ар-намысым мен беделімді қорғау жөнінде сот болады”, – делінген жазбада.

Желі қолданушылары да продюсерді қолдап, оның өжеттілігі мен жанашырлығына тәнті болды.

“Қол астындағы адамдарды қорғау – сый-құрметке лайық әрекет”, “Дұрыс істедіңіз! Бұл қыздар да әр үйдің үкіліп отырған қызғалдақтары”, “Біреудің жеке басына тіл тигізгенді жазасыз қалдырмау керек”, “Баян сен өз адамдарыңды қорғай аласың, мықтсың”, – деп жазды желідегілер.