"Қазақстан аруы" Ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті "Ғалам аруы Қазақстан-2022" атағының бұрынғы иегері Диана Тәшімбетовамен болған жанжалдың мән-жайын ашып, қауесетке толы әңгімелердің нүктесін қойды.
Комитет оның байқау атына кір келтіріп, түрлі жалған сөздер таратқаны үшін сот алдында жауап беретінін жеткізді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
17 сәуірде "Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауы ұйымдастыру комитетінің баспасөз конференциясы өтті. Мұнда "Ғалам аруы Қазақстан -2022" титулының бұрынғы иегері Диана Тәшімбетованың шеттетілу себептері талқыланды.
2022 жылғы 6 желтоқсанда ""Қазақстан аруы" ұйымдастыру комитеті "Ғалам аруы Қазақстан-2022" жеңімпазы Диана Тәшімбетова биылғы жылы "Ғалам аруы – 2023" әлемдік байқауына дайындалуға уақыттың жетіспеуіне және қаржыландырудың болмауына байланысты бармайды" деген шешім қабылдаған болатын.
Өз қаражатына баратынын айтты...
"Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауының диреторы Катрин Безверхованың айтуынша, бойжеткен комитетті өз дегеніне көндіруге тырысқан.
“Бізде арулар әлемдік деңгейдегі байқауға барарда аз дегенде алты ай дайындалады. Бұл туралы Дианаға түсіндірген де болатынбыз. Алайда ол бізді көндіруге тырысып, осы жылы барғысы келді. Осындай қысқа уақыт ішінде қаржыландыру жағын да қолға алудың қиын екенін жеткіздік. Алайда Диана мен оның анасы өз қаражаттарына баратынын айтқан соң келісітік”,- деді Катрин Безверхова.
Ару бұған дейін АҚШ-қа сапарын жоспарлап билет алып қойған екен. Ал сайыс әбден жақындап, уақыт тірелген сәтте оның анасы Қарлығаш Тәшімбетова кеңсеге келіп, қызының бар шығынын толықтай мойнына ала алмайтынын айтып, 50%-ын байқау ұйымдастырушылары көтеруін сұраған.
Комитет мұндай қысқа мерзімде серіктестік құжаттарын да дайындап үлгермейтнін айтқан. Және бойжеткенге келесі жылғы байқауға қатысуды ұсынған. Алайда ару ойындағысы орындалмағанына ызаланса керек.
Байқаудың PR директоры Кәмшат Әкімқожақызы осы тұста Диананың тарапынан дұрыс емес әрекеттердің болғанын жасырмады.
“2022 жылдың 26 желтоқасанында Диана отбасымен бірге АҚШ-қа кетті. Кейін ол сол жақта Instagram-да тікелей эфир өткізіп, байқаудың бүкіл ұйымдастыру комитетін қаралады. Сондай-ақ, Тәшімбетова бізді Светлана Лобода ұйымдастырған кеште болуға міндеттеді деп жала жапты. Тіпті, өзіне сол жақта ересек ер адамдардың қырыңдағаны туралы арызданды. Алайда бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат”,- деді Кәмшат.
Атағынан айыратын ой болмаған...
Басында ұйымдастырушыларда Диананы атағына айыру туралы ой болмаған. Тек бойжеткенді толық дайындықпен, қаржылық қолдаумен Қазақстан атынан лайықты үміткер ретінде келесі жылғы сайысқа жібергісі келген.
Алайда оның желіде байқау туралы айтқан жалған ақпараты мен байқау абыройына кір келтіргені көпшілікті бей-жай қалдырмады. 2022 жылдың 30 желтоқсанында ұйымдастыру комитеті "Байқауды өткізу ережелері" құжатының тармақтарын негізге ала отырып, Диана Тәшімбетованы "Ғалам аруы Қазақстан-2022" атағынан айырды.
“Біз Диананы “Ғалам аруына” дайындап, келесі жылы апарамыз деп шешкен болатынбыз. Бірақ ол өз әрекетімен бұл атаққа лайық емес екенін дәлелдеді. Желідегі тікелей эфирін айтпағанда, біз еңбек демалысына кеткен кезімізде “Астарлы ақиқат” бағдарламасына дейін барып, бір емес, екі шығарылымда бізді сөз қылған. Бұл бағдарламаны сотқа бердік. Себебі олар екіжақты пікірді ескерместен, бізге келіп, ақпарат алмастан, біржақты пікірмен қасақана жала жапты”,- деді байқаудың президенті Айдай Исаева.
Нүктесін қоямыз, сот шешеді...
Бағдарлама барысында Диананың анасы бұл “Қазақстан аруы” байқауын “бардельге” теңесе, музыкалық орындаушы Жан Ахмадиев байқау президенті Айдайды “жеңгетай” деп атаған. Қасақана жала жауып, абыройды айрандай төккен.
Қазіргі уақытта "Қазақстан аруы" сұлулық байқауының президенті Айдай Исаева мен ұйымдастыру комитеті Қарлығаш Тәшімбетова мен Жан Ахмадиевті эфирде моральдық шығын келтіріп, жала жапты және балағаттады деп сотқа екі бірдей арыз беруде. Енді олар заң тарапынан шешімін күтіп, кінәлілерді жауапқа тартпақ.
“Біз қауесеттердің нүктесін қойып, енді бұл мәселе бойынша сөз қозғамауды ұйғардық. Диана Тәшімбетова өз ісіне өкініп, кешірім сұрамақ түгілі керсінше, бізден кешірім сұрауымызды күтетінін мәлімдеді. Сол себепті біз оларды заңды тұрғыда жауапқа тартуды көздеп отырмыз. Бәрін сот шешеді”,- деп қорытты байқаудың PR директоры Кәмшат Әкімқожақызы.
Еске салсақ, бұған дейін "Қазақстан аруы - 2022" финалисі Диана Тәшімбетова сұлулық конкурсының ұйымдастырушыларына шағымданып, желіде түрлі ақпарат айтқан болатын.