$ 491.71  529.97  5.05

«Дуа жасалған адамның жанары нұрсыз болады»: Өскемендік емші дуаланған адамның алғашқы белгілерін айтты

Жасаған істеріне жауап бере алмайды.
Фото: caravan.kz
Фото: caravan.kz

Бүгінде әлеуметтік желіде  болашаққа болжам жасап, жол ашып, дуа мен көз тиюден тазартатын емшілер көп. Олардың әдісі қандай? Дуа жасалған адамды қалай анықтаймыз? Жанат Бақыт айтып жүргендей өлген адамның рухымен сөйлесу мүмкін бе?

Осы және өзге де сұрақтарды  Caravan.kz медиа порталының тілшісі әлеуметтік желі арқылы көпке танылған емшілердің бірі Сая емшіге қойып көрген еді.

- Бойыңыздағы ерекше қасиетіңізді қашан байқадыңыз?

- Бойымдағы Алла берген ерекше қасиет анамнан дарыды. Нақтылап айтсам, анам біздер ес білгелі халықты емдеп, қабылдау жүргізіп, елдің алғысына бөленген жан еді. Осыдан жеті жыл бұрын түсіме анам кірді. Мені есік терезесі жоқ үйге алып келіп қолыма қамшы ұстатты. Сол сәтте телефон қоңырауынан ояндым. Нағашым анамның дүниеден өткенін естіртті. Сол жылдан бері менің өмірім де күрт өзгеріп сала берді. Анамның қасиеті дарығанын түсіндім.

- Алдыңызға келген емделушілердің сырқатын немесе оларға дуа жасалғанын қалай анықтайсыз?

- Емделушілерімнің дуасы бар екенін немесе сырқатын көз жанарынан және тамыр ұстап,  тылсым әлеміндегі өзім де түсіне бермейтін күштер арқылы  анықтаймын. Көз адамның айнасы демекші, адамның жанары арқылы да көп ақпарат білуге болады.

- Бұл әдістердің адамдарға  кері әсері болмай ма?  

- Қазір қоғамда сандарға негізделген нумерология деген болжам түрі кеңінен қолданылады. Мен тамыр ұстауды  қолданамын. Егер кері әсері болмаса оның ешбір әбестігі жоқ деп ойлаймын.

- Емшілік кәсібіңізде осы уақытқа дейін ең есте қалған оқиғаңызды айтып берсеңіз.

- Осы жолды ұстанғалы қаншама адам алдымнан өтті. Түрлі жағдайларға куә болдым. Солардың ішінде  кішкене ер баланың  басына шыққан жараны емдеп шыққаным  есімде қалды. Әрине, Алланың қалауымен. Медицина көмектесе алмаған жараны емдеп шыққаныма өзім қатты қуандым.

- Қандай адамдарды емдемейсіз?

- Бұл сұрағыңыз қызық екен. Алдыма келген адамды бөліп жармаймын. Емнен бөлек маған көбіне болашақты болжауға, ұшықталуға, аластауға, жұмыс орындарын, үйлерін тазарту секілді өтініштермен келеді. Мен адамды таңдамаймын.

- Дуа жасалған адамның алғашқы белгілері қандай?

- Ең алдымен дуа жасалған адамның іс-әрекеттері өзгереді. Жасаған істеріне жауап бере алмайды.   Мінез-құлқында да өзгеріс пайда болады. Сондай-ақ,  жанары нұрсыз болады.

- Әлеуметтік желіге «дуадан тазартамын» деп жазыпсыз. Өзіңіз дуа жасаумен айналысасыз ба?

- Дуадан тазарта алғаныммен, дуалау  қолымнан келмейді. Дуалаудың жолы ауыр, менің де отбасым, бала-шағам бар. Сондықтан ондай істерден аулақ болғанды жөн көремін.

- Еліміздің келешегіне байланысты өз болжамыңызды айта аласыз ба?

- Биылғы жылы елімізде жағымды да,  жағымсыз да өзгерістер көп болды. Оған қоса табиғи апаттар тағы бар. 1-2 жылда еліміз жақсы жаққа қарай өзгеріп, жағдай тұрақталады деген болжам айта аламын, Алла бұйыртса.

- Кейінгі кезде қоғам регрессология ғылымына бет бұрған Жанат Бақытты қызу талқылап жатыр. Бұған көзқарасыңыз қандай?

- Қазір  бұл ақпаратты әлеуметтік желі, ғаламтор арқылы естіп, көріп жүрміз ғой. Жанат Бақыттың жеке басына тіл тигізуден аулақпын.

- Ол кісі Әлихан Бөкейхан сынды ұлт зиялыларымен тілдесіп жатыр екен. Жалпы өмірден өткен адамдардың рухымен сөйлесу мүмкін бе?

- Осындай еліміздің зиялы тұлғалары, Алаш арыстарының есімін осылай сөз ету тіпті қисынсыз. Дүниеден өткен жақындарымыз түсімізге кіріп, аян беріп түрлі қатердің алдын-алу  сияқты түрлі ескертпелер беруі мүмкін екенін білемін. Бірақ,  өлген адамның рухымен тілдесу дегенге сенбеймін.

- Уақыт өте қазақ қоғамы Жанат Бақыттың айтып жүрген дүниелерін қабылдай ала ма?

Қоғамның қабылдап немесе қабылдамауы уақыттың еншісіндегі дүние деп ойлаймын.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары