$ 494.87  520.65  4.91

«Жүрегі ауыратыны бар»: Сәбит Әбдіхалықовтың ұлы әкесімен арадағы қамалдың бұзылғанын айтты

Қазір арқа сүйер адамның бар екенін сезінемін.
фото: nege.kz
фото: nege.kz

Танымал актер Сәбит Әбдіхалықов пен актриса әрі әнші Айгүл Иманбаеваның ортақ ұлы Асылжан Nege.kz сайтына сұхбат беріп, әкесімен ара-қатынасы жайлы кеңінен баяндады. Жақында өз туындысын түсірген жас режиссер отбасылық өмірі жайлы да айтып берді. 


"Иә, өмірім айтарлықтай өзгерді. Бойым мен ойымда жеңілдік пайда болды. Анығын айтқанда, әкемнің ризашылығын алу маған үлкен қуат берді. Өзінің жүрегі ауыратыны бар. Сондықтан қолында мейірімін көрмей өссем де, қалай да қуантсам деген ой болды. Фильм түсіретінімді естігенде төбесі көкке жетті. Сосын бұрын қандайда бір істі қолға алсам, нәтижесі қандай болар екен деп тартыншақтаушы едім. Қазір арқа сүйер адамның бар екенін сезінемін", - деді Асылжан.

Әбдіхалықовтың ұлы әкесімен араласуға анасы ешқашан кедергі болмағанын да айтты.

"Араласып тұрдық. Анам да "әкеңнен алшақтама" деп үнемі айтып отыратын. Қазақ-түрік лицейіне де әкем өзі апарып түсірді. Бірақ арамызда суық қамал тұрғанай көрінетін. Ол жайлы деректі фильмім осы кедергіні жойып, екеуіміздің бір-бірімізді жақын тануымызға дәнекер болды", - дейді ол.

Сонымен қатар Асылжан өз атасы мен нағашы атасының да батасын алғанын жеткізді.

"Фильмде көрсетілгендей, берген батасына қарап көпшілік мені атасымен енді қауышты деп ойлаған тәрізді. Атама бала күнімнен барып тұратынмын. Бір малын сойып, бала емес, ақсақал келгендей арқа-жарқа болып күтіп алады. Нағашы аттаммен кейіннен таныстым. Былтыр анам 45 жасқа толғанда өмірбаяны жайлы ролик түсіріп беруімді өтінді. Сол кезде камерамды арқалап Қордайдағы Серікқұл атамның үйіне бардым. Жік-жапар болып, құшақ жая қарсы алды", - дейді Асылжан.

Сөз соңында жас режиссер әкесінің өзге некелерінен туған іні-қарындастарымен араласып тұратынын да жеткізді.

"Әрине, біз бір әкенің кіндігінен тарағандықтан жақын араласамыз. Аналары да ешқашан арамызға кесе-көлденең тұрған емес. Алтынай әпкемнің үлкен қыздары Айнара таспагерлікті оқып жатса, Аяулым продюсер мамандығын меңгеріп жүр. Бір-бірімізбен хабар алмасып, кездесіп тұрамыз", - деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары