Жақында әке атанған әнші Әли Оқапов Тимур Балымбетовке берген сұхбатында жұбайы Ақеркемен бірге босану бөлмесіне кіріп, жанында болғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Әйелге көмектесу керек. Мен босану бөлмесіне кірдім, әйел адамның қаншалықты мықты екенін өз көзіммен көрдім. Босану бөлмесіне кез келген адам кіре алмайды. Кейбір адамдар бірге кіріп көмектескеннің орнына, шошып, есінен танып, керісінше, кедергі жасап жатады. Мен басынан бұл нәрсеге дайын болдым. Салқынқандылығымның арқасында кез келген сәтте көмек беріп, дұрыс шешім қабылдай алатыныма сенімді болдым. Ақеркеге де осы ойымды айттым. Оған қаласа жанында болатынымды айттым. Осылайша босанғанға дейін де, кейін де көмектестім. Мені босану бөлмесіне Ақерке емес, акушер дәрігер шақыртып алды. Менің Ақеркенің жанында болып, көмектескенімді байқаған болуы керек”, – дейді Әли қызықты дерекпен бөлісіп. Әншінің айтуынша, босану кезінде өнер саласында алған білімі де пайдаға асқан. “Жанына барып, диафрагма, вокалды есіне түсірдім. Кеудеге ауа толтырып, демалуды үйреттім. Барлығы жеңіл әрі тез өтті. Зейінді перзентхандан шығарып алғанда дәрігер мені мақтады. Ер азаматтарға айтарым, дайын болсаңыздар, бірге кіріңіздер, дайын болмасаңыз, мүлдем кірмеген жөн. Бәрін көзіңмен көргеннен кейін әйеліңді бұрынғыдан да қатты жақсы көріп, құрметтейтін боласың. Босанған соң да көңіл күйін бағып, барынша демеу берген дұрыс. Кейде Ақеркеге “Ұйықтап ал, жөргегін өзім ауыстырамын, тамағын беремін” деп, балаға кезектесіп қараймыз. Мен сахнаға шығатын кезде ол маған көмектеседі. “Басқа бөлмеге барып жат, ұйқыңды қандыр. Жұмыс істеуің керек” деп маған жанашырлық танытады. Сондықтан екі жақ та бір-біріне түсіністікпен қарап, бірге әрекет етуі керек”, – дейді Әли Оқапов.