Танымал мобилограф Қыран Талапбектің жаңа сүйіктісі бұрынғы күйеуімен неге ажырасқанын айтты. Бұл туралы ол Soul üşın YouTube-арнасында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі де, өзі де жас болған.
"Бұл сұраққа өте көп уақыт жауап бергім келмеді. Бірақ оны жасырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бүкіл халықтың алдында жүргеннен кейін ондай заттар айтылуы қажет. Біріншіден, 16 жасымда сериалға түсе бастадым. 17 жасымда кезіктірдім. Одан кейін тұрмысқа шығуға ұсыныс түсті. Менің ата-анамның тәрбиесі - қазақи тәрбие. Мені өте қатал жанұяда өсірген. Анам өмір бойы "алғаш білегіңді ұстаған жігіт сені тұрмысқа алуы керек" деп айтатын. Кешкі сағат 6-7-ге дейін шығатынмын. Соның себебі ме, білмеймін, жақын сөйлескен жігітіме тұрмысқа шықтым. Психологияда да бар, өміріңде бір адаммен бір-ақ минут жақсы уақыт өткізсең, ол адам туралы жаман айту дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан біреуді балағаттап айтқым келмейді. Мен де жас болдым, ол да жас болды. Өте көп қателік өткіздік басымыздан. Тек бақыт тілеймін", - деді Гүлзада Тұрлаш.