29.05.2023, 17:00

Алтынбек Қоразбаев Мейрамбек Бесбаевтың қыздардың қарғысына қалғанын айтты

Коллаж: stan.kz
Мейрамбектің артынан шырылдап жүгірген қыздар өте көп болды. Мейрамбекке кім ғашық болмады?

“МузАрт” тобының мүшесі, танымал әнші Мейрамбек Бесбаев “Алғашқы” бағдарламасында сырқаты туралы бар шындықты айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Мен кішкентай кезімде тіл, көз дейміз бе, көп ауырдым. Әлі де жетісіп тұрған жоқпын. Екі күннің бірінде қаралып тұруға тура келеді. Ол кезде емшілер де қаптап кетті. Мен өз басым ондайларға сенбейтінмін, бірақ мені 1-2 рет емшілерге апарды”, – дейді Мейрамбек Бесбаев өткен күндерін еске алып. 

Мейрамбектің өнердегі ұстазы Алтынбек Қоразбаев та шәкіртіне тіл-көз тиіп ауырғанын да жасырмай айтты.

“Мейрамбектің артынан шырылдап жүгірген қыздар өте көп болды. Мейрамбекке кім ғашық болмады? Осыдан 15 жыл бұрын Мейрамбек қатты ауырды. 80 келі болатын жігіт 60 келіге дейін арықтап, 20-25 келі салмақ тастады. Елдің бәрі “ана ауру, мына ауру, зоб екен” деп қай-қайдағыны айтты. Жоқ, Мейрамбекке көз тиді, не қыздардың қарғысы тиді. Содан Мейрамбекке емші іздедік. Бүкіл қазақ ниеттес болды”, – дейді Алтынбек Қоразбаев.

Дертіне шипа таппаған соң өнер иесі Жапонияда емделмек болып дайындалады. Алайда жапониялық дәрігерлер Мейрамбекті емдеуден бас тартты.

“Мейрамбекті 2007 жылдан бастап емдей бастадық. Германияға барып диагнозын анықтап келгеннен кейін менің қабылдауыма жазылды. Бір кездері ем ұзап кетті. Өзі емге көнбей бара жатты. Сондан Жапонияға барып ота жасататын болып шештік. Сөйтіп жапон мамандарымен 3 ай бойы хат алмастым. Бәрін келісіп, анализдерін тапсырып, Жапонияға аттанатын болғанда дәрігерлерге Мейрамбек туралы ақпарат жіберемін. Атақты әнші екенін айтқанда Мейрамбекті емдеуден бас тартты. “Бізге келмесін. Біз жауапкершілік алуға қорқамыз” деп хат жазып жіберіпті, – дейді әншіні емдеген профессор Ержан Сәбитәліұлы.

Алайда Мейрамбектің өзі бұл дертті қарғыстан деп ойламайды.

“Баяғыда “сен үйленетін болсаң, асылып өлемін”, “мені алмасаң қарғаймын”, “неге мен емес?” деген хаттар көп болды. Бірақ ешкім өлген жоқ. Сөйтсем, қыздар да қорқытады екен ғой. Оларды қарғыс деп есептемеймін. Жақсы көргеннен соң солай айтқан болар. Салмағым 54 келі, он метр жүріп тоқтап, демалып жүрген кезім ғой. Маған рак деді, басқа деді. Германияға барғанда маған жай ғана зоб деді. Сонда “мені алдап тұр” деп ойладым. “Рак болса рак деп айтыңыз. Мені алдап, өтірік айтпаңыздар. Мен одан да күресейін” десем, олар шынын айтып, сөздерін дәлелдеп әлек. Бірақ қандай болса да, бәрібір күресемін деп ойладым”, – дейді өнер иесі.