Заңгер Айгүл Орынбек есірткімен мас күйінде ұсталған Төреғали Төреәлі туралы өз ойын айтты. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Ел Президенті Қ.К.Тоқаев “Мас халде көлік басқару - қылмыспен тең, ал мас жүргізуші - қылмыскер” деп қатаң ескертіп, заңға бағынуды тапсырды.
Заңға бағынбау, дөрекелік, билік өкілдеріне қарсы шығып қызметкерлерді басыну, күш көрсету, ол - қылмыс!
Төреғалиды мәжбүрлі түрде қамауға алып, үстінен қылмыстық іс ашу керек деп есептеймін!
Әншінің іс-әрекеті - ақтауға келмейді!
“Жылдамдықты ұшаққа асығып бара жатқан соң асырды, полиция түсіністік танытпады”.
Енді мынау не әңгіме?
Полиция қызметкерлері не үшін түсіністік таныту керек? Заң - бәрімізге ортақ! Тәртіп сақшылары өте дұрыс жасады. Егер оны жібере салғанда, ол сосын адам қағып өлтіргенде, оны жайына жіберген полиция қызметкерлерін сөгіп, айып тағып шығар едік…!
Ал әншінің мас халде болғандығын, қанынан есірткі өнімі табылғанын қалай ақтауға болады?
Мына жері тым күлкілі, “Ұшақта халықты күттірмеу үшін, асықты” депті. Халықты күттірмес үшін - адам деген үйден ерте шығып, ертерек қамдану керек! Жауапкершілікті сезінуі қажет!
Асығыс келе жатып, сол ақтап отырған жақын адамдарының өзін қағып өлтірсе, осылай сайрап отырғанын көрер едім?!
Төреғалиды тек 20 тәулікке қамап, көлік жүргізу куәлігінен айырып қана қоймай, қылмыстық іс ашуды сұраймын, тіпті талап етемін!
ҚР ҚК-тің 379 бабы бойынша яғни Билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбағыны үшін қылмыстық іс ашылып, заңды тұрғыда жазалану керек!
Халықтың Төреші, халықтың “еркесі”, “серкесі” деген ұғымды тоқтату керек!
Құқықтық мемлекет құрғымыз келсе, халықты - бай-кедей немесе көке-жәкесі бар деп бөліп-жарып, үй ішінен үй тігіп алаламай, заңды орындауды - басты орынға қоюымыз міндетті!
Ел алдында жүрген танымал азаматтар да - заңды құрметтеп, халықтың қауіпсіздігін ойлап, тәртіпке бағынсын!", - деп жазды Айгүл Орынбек.