Жомарт жандар көптеген әннің авторы, қызылордалық Арман Қайназаровты тауып алып көмектесті, деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның жағдайын алғаш болып қозғап, жақындарына іздеу салған сырбойылық ақын Есет Табынбаев жақсы жаңалықты Facebook-парақшасында бөлісті.
"Кешегі қазалылық азамат Арман Қайназаровты жігіттер тауып алып, қол ұшын созған екен. Үмітсіз шайтан ғана. Келешекке деген талпынысы мықты болып тұр. Қолтығынан сүйеген, орнынан тұруға демеп жатқан азаматтарға Алла сауаптан жазғай! Десе де бір адамның тағдырына немқұрайды қарамай, жан-жақтан сұрастырып, көңілдегі адами асылдығын білдіріп жатқан ағайынға алғыс айтамын", - деп жазды ол.
Арман Қайназаров табылған кезде үш күннен бері тамақ ішпегенін айтқан еді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Арман Қайназаров есімді жігіттің аянышты жағдайдағы видеосы кең тарағаны хабарланған еді. Ол өзінің Қызылорда облысынан екенін айтқан болатын.