Танымал ақын Ринат Зайытов депутат ретінде алатын айлығы туралы ашық айтты, деп хабарлайды Oinet.kz.
Ринат Зайытов депутат болғалы бері провокацияға көп ұшырайтыны туралы айтты.
"Аптасына жоқ дегенде екі провокациядан өтемін. Қазір менде қарсы реакция жоқ. Мен сүмірейіп тұрамын. Бар айта алатыным "сіздікі дұрыс емес" деу. Бұрынғы Ринат жоқ. Аузына келгенді айта сап, жармаса кететін кім көрінгенге басқаша жауап бергің келеді. Бірақ депутаттық форматта жауап беруге тура келеді", - деген ол.
Және Ринат Зайытов депутаттық айлығы отбасын асырауға жетпейтінін айтып қалды.
"Өлеңімді жазып тойларыма барып жүргім келеді. Беташарға баратын шығармын енді. Өйткені қазіргі қолыма алатын айлығым 800 мың теңге. Мен жасырмаймын ол менің отбасымды асырауға жетпейді. Қазір үлкен қызым оқуға түсетін болса, тіпті жетпей қалады. Беташар деген бекітілген бизнес емес қой. Табаққа 200, 500 теңге салуы мүмкін. Ол сенің алатын көрімдігің ғой. Ол материалдық жағынан көп көмектеседі. Мен оны жұмыс деп емес, шығармашылық деп қабылдаймын. Кейде 70 мың, кейде 200 мың теңге болуы мүмкін. Кейде бермей де қалады", - дейді Зайытов.
Ал, "Айтысқа шығуға бола ма?" деген журналист сауалына:
"Болады. Дайындық жоқ. Күні кешке дейін ана заң, мына заң. Қазір парламент регламенті дегенді жаттап итім шығып отыр. Қазір уақыт болмай жүр. Арқаны кеңге салғаннан кейін өзім де қарсы емеспін. Керісінше депутат болып жүріп айтысып көргім келеді", - деп жауап берді. Сондай-ақ, бұдан бұрынғы сұхбаттарында "Димаш Қытай саясатының құрбаны" деген пікірін де тарқатып айтып берді. "Оның бүкіл репертуарын, болмысын қалыптастыратын Қытай продюсерлері ғой. Саясат деген сол. Сол арқылы Қытайға қазақты жарнамалады. Осындай ел бар екенін көрсетті. Ішкі Қытайда біздің бар екенімізді білмейді ғой көп адамдар. Олар қызыға бастайды. Қытайдың өзінің миссиясы бар. Олар қанатын жайғысы келеді. Қарап отыр. Мыналардың жерлері тым үлкен деп отыр. Барып жұмыс істейік деп отыр. Осыған келе жатыр еді. Бірақ Димаш алды да мына жаққа бұрылып кетті. Өте дұрыс істеді. Оны қалай түсінді, кім түсінді? Білмеймін. Бірақ әдемі өзгеріс болды", - деді ол.