24.06.2023, 14:30

«Жолдасымның қазасын спектакльге екі сағат қалғанда естідім»: Лидия Кәденова өміріндегі қиын сәттер туралы айтты

фото: youtube.com/@toi-duman
Бұл жағдайды ол тағдырдың сынағы деп қабылдайтынын айтты.

Талантты театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Лидия Кәденова жеке өмірі, шығармашылығындағы қиын кезеңдер мен қуанышты сәттерін оқырманмен бөлісті. Актрисаның драмаға толы өмірі жайлы сұқбат "Егемен Қазақстан" басылымында жарияланды.

Сұқбат кезінде журналист актрисаның сүйіктісі өмірден өткен сәтте рөл сомдаған кезін еске салды. "Ол қаралы күні ре­пертуарда "Келіндер көтерілі­сі» комедиясы болатын. Өзі өте ұзақ қойылым. Жолдасымның қаза­­сын спектакльге екі сағат қалған­да ес­тідім. Бірақ менің қолым­нан не келеді? Не істерімді білмей дәр­менсіз күйде Талғат Теменовке қоңырау шалдым: "Билет саты­лып кетті, ауыстыра қоятын да адам жоқ. Енді не істейсің? Жинал!", - деді", - деп сол кезді есіне алды Лидия Кәденова. Актриса сол күні спектакльді аяғы­на дейін ойнап шықққанын атап өтті. Бұл жағдайды ол тағдырдың сынағы деп қабылдайтынын айтты. 

"Қасымдағыларға: "Мен ойнап болғанша біреуің кел­мең­дер қасыма" деп грим бөлмемді тарс жауып алдым. Ойнап шық­қаннан кейін ғана есік ашық дедім. Сырттай күліп, сахнада би­леп жүргеніммен ішім алай-дүлей болып жатқан еді. Бірақ амал қанша, бұл өмір ғой. Ондай жағдайлар болады. Хадиша Бө­кеева апаларымның басынан да мұн­дай жағдай өткен. Ол кезде біреулер әдейі телеграмманы әкеліп берген деп еститінбіз. Мені де тағдыр сынаған екен. Сынбай көтеруге тырысып бақтым. Оңай болмады", - деп жауап берді актриса.

Лидия Кәденова қандай жағдай боламасын сахнада әртіс ештеңені білдірмей көрермен алдындағы міндетін орындауы тиіс деп санайтынын тілге тиек етті. "Мәселен, өзің өліп қалып, сахнаға шыға алмай қалсаң, онда себебін түсіндіруге болады. Ал мынадай жағдайда не деп айтады? Оған көрермен кінәлі емес. Сондықтан ештеңені біл­дірмей ойнап шығуға тура келеді. Әртіссің бе, демек ол – сенің мін­детің", - деді сұқбатында актриса.