14.09.2023, 17:40

Белгілі әзілкеш Ләйлә Сұлтанқызынан кешірім сұрады (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот
Кіші болып қоя салуыма болар еді. Бірақ сол кездегі эмоцияның, балалықтың, шалалықтың тірлігі деп білемін.

Жайдарманшы Нұрболхан Шарапов отандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызымен болған дауға нүкте қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Stan.kz жазуынша, Нұрболхан Шарапов көпшіліктің көзінше Ләйлә Сұлтанқызынан кешірім сұраған.

2019 жылдан бері 4 жыл өтіп кетті. “Не болды?”, “Сендердікі хайп болды ма?”, “Шынымен достастыңдар ма?” деген сұрақтарды бүгінге дейін қоятындар бар. Барлығы өткінші, өтеді де кетеді. Қанша дегенмен, көрісіп, білісіп жүрген жанбыз. Сол себепті соңына дейін тырысып жүргеніміз жарамас. Көрерменнің, сіздің және менің оқырманымның алдында сізден кешірім сұрайын деп тұрмын. Кіші болып қоя салуыма болар еді. Бірақ сол кездегі эмоцияның, балалықтың, шалалықтың тірлігі деп білемін. Сізден шын жүректен кешірім сұраймын, егер кешіре алсаңыз. Сәлеміміз түзу болсын. “Әр қазақ менің жалғызым” дегендей, бұдан былай мұндай жағдай қайталанбайды деп ойлаймын” – дейді Нұрболхан Шарапов.

Ләйлә Сұлтнақызы да өз кезегінде үлкендігін көрсетіп, әріптесіне сәттілік тіледі.

Мен ренжіген жоқпын, ренжімеймін де. Үлкен болып мен қоймадым, кіші болып сен қоймадың. Қазір уақыт өтті, есейдік, ақыл кірді. Сен де кішкентай қыздардың әкесісің, менің де ұлдарым өсіп келе жатыр. Жауапкершілік деген бар. Уақыт, жағдай есейтті. Сыйластық жеңді. Біз Нұрболхан екеуіміз әріптеспіз, ол қазір жоба жүргізіп жүр. Әріптес, әпке ретінде жобаға жоғары рейтинг тілеймін, – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.

Желі қолданушылары әзілкеш пен тележүргізушінің бір мәмілеге келіп, татуласқанына риза.

“Бәрекелді! Өзіміз аз қазақ... Қамшының сабындай қысқа өмірде тату болайық”, “Не деген мықтылық, Нұрболхан. Жарайсыз”, “Кішілік-кісіліктің белгісі”, “Жаксы болды қуаныштымын”, “Ләйлә ханым, жарайсыз Бұл ең бірінші Сіздің жеңісіңіз”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Айта кетейік, КТА ойыншысы, әзілкеш Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызы мен оның жүргізген бағдарламасын сынға алған еді. Дау халықтың көз алдында өршіп, іс сотқа дейін жетті. Істе әзілкеш жеңіп шықты.