«Singer 2017» байқауының сегізінші кезеңінде өнер көрсетер алдында Димаш Құдайберген тамағы қатты ауырып, дәрігерлер көмегіне жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Sina weibo әлеуметтік желісінде Димаштың дәрігерге көрінген видеосы жарияланды. Одан Димаштың өнер көрсетуден бір күн бұрын салқын тиіп, дауысы шықпай қалғанын байқауға болады. Өзі Димаштың жанкүйері болып табылатынын айтқан дәрігер, оған толық жазылғанға дейін жоғары дауыста ән салмауға кеңес берді.
Қазақстандық әнші байқаудың сегізінші кезеңіне тамағына ауырсынуды басатын дәрі егіп, сахнаға шыққанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Ал жобаға қатысушы әншілер Димашқа қолдау көрсетіп, сырқатқа қарсы қымбат дәрілер әкеліп берген.
Еске сала кетейік, Димаш қытайша «Таң атты» әнін шырқаған сегізінші кезең эфирден 11 наурыз күні көрсетілді. Отандасымыз тоғызыншы кезеңде әлемдік хит «All by Myself» әнін айтып, екінші орыннан көрінді. Бұл кезең қытайлық телеарналардан 18 наурыз күні көрсетілетін болады.