Арсыздарға бәрібір болғанымен, арлы адамдар биікке ұмтылатын да кез жетті.
Танымал актер Бекжан Тұрыс желідегі парақшасына жазба жариялап, халыққа үндеу тастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Театр және кино актерінің айтуынша, 25 қазан – Республика күні қарсаңында, «Фариза қыз», «Желтоқсан желі» әндерінің авторы Әбиірбек Тінәлиевтің есімі елеусіз қалған.
Қазақстанның Халық әртісі атағы қайта берілетін болды» деген әңгіме шыққанда Әбиірбек Тінәлиевтің бейнесі көлбең ете қалғаны рас. Өнер – табиғат. Ол да көктейді. Бүршік атады. Ол баптағанға байланысты. Бағбанның пейіліне, күтушінің көңіліне тәуелді. Ұлы өнерді жасайтындар да солай, елінің ескергенін, еңбегінің еленгенін қалайды. Бірақ өздігінен өзеуреп алға ентелемейді. Ешқашан… Мен оның әндерінің «шаң басқан архивтерде» қалмайтынын білем, өйткені жылда желтоқсан айының бір күнінде «Желтоқсан желі» әр қазақтың ішіне «кіріп» бойын жылытып, рух сыйлап өтеді. Сахналардан көрінбей-ақ, қалың көрерменнің алдына шықпай-ақ ән болып оралады. 37 жылдан бері солай! Ендеше, «Қазақстанның Халық әртісі» деген атаққа Әбиірбек Тінәлиев лайық.
Ондай киелі атаққа сахнаны аяғымен былғап, аузымен әбден ластап өнердің қадірін кетіріп, құтын қашырғандарды жолатпаған жөн. Беті жылтырап экраннан түспейтіндерді емес, тасада қалған Әбиірбектей дарындардың шығармашылығын бағалап, марапаттайық.
Талантсыздарды тұсауламасақ, жылқы мен есектің қатар тұрғаны көрер көзге де сүйкімсіз көрінетіні белгілі. Ендігі жерде өнер адамдары соған абай болуымыз керек. Арсыздарға бәрібір болғанымен, арлы адамдар биікке ұмтылатын да кез жетті. Ессіздер алға шығып, естілер кейін қалған кезеңді артқа тастар уақыт келді ғой деп ойлаймын, – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жазбаның астына актерді қолдап пікір жазғандар жетерлік. Мәселен, актердің әлеуметтік желідегі оқырмандары «Халық болып ағамызға атақ беруін талап етейік!» десті.