19.01.2024, 10:40

«Бандит, хулиган»: Әнші Сәкен Майғазиев ата-аналарға өтініш айтты

Фото: https://www.instagram.com/saken_maigaziyev/

«Өліп қалғыр, тумай қалғыр» деп айтады.

Әнші Сәкен Майғазиев қарғыс туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі жазбасында ашуланғанда балаларына қандай ауыр сөз айтатынына тоқталды.

Кейде кейбіріміз құлыншақтарымыз құтырып кетсе, бұзықтық жасап, шектен шығып жатса (абайламай) қарғап-сілеп жатамыз. Мынау тентек сенің балаң ба десе: «Иә, бұл әкең... бұзық, сотқар, жынды, бандит, xулиган...» деп қалатынымыз да жасырын емес. Балаларымызға ұрысқанда да «Өсіп-өнгір, тұқымың көбейгір, көктеп-көгергір, жапырағың жайқалғыр...» деп «қарғайық». Имандым, саналым, ақылдым, білімдім, батырым т.с.с жақсы сөздермен еркелетейік, – деді әнші.

Сонымен қатар эстрада жұлдызы жазбасында қарғыстың қабыл болғаны туралы мысал келтірді.

1984 жылдан бері бас имамдық міндетін атқарған әл-Судайс «Анамның «қарғысымен» имам болдым» деп еске алады: «Кішкентай кезімде тентектік жасасам анам маған ашуланып «Қағбаға имам болғыр, Судайс» дейтін. Анамның осы «қарғысы» маған берген ең жақсы батасы болып шықты. Өскенде Қағбаға имам болдым» деген екен. Алла тағала баршамызға салиx ұрпақ нәсіп еткей, – деп жазды Сәкен Майғазиев. 

Желі қолданушылары қарғыстың неше түрін жазып, тың мәліметтерді бөлісіп жатыр.

«Келісемін, өте орынды жазыпсыз! Менің балам бастық десең, бастық болады. Ауыздан шыққан әрбір сөзіміз бен ойымыз дұға!», «Менің енемнің қарғысы өте ауыр. «Өліп қалғыр, тумай қалғыр» деп айтады. Тіпті күнделікті сөзге айналды десем болады», «Мен бір апаны білем, баласына «жетпей желкең қиылып, жер жастаңғыр» деп айтатын. Бір емес, бірнеше рет естідім. Қыршын кетті сол баласы» деп жаза жөнелді әншінің тыңдармандары.