Апайымның алдында ұялғаным-ай...
Әзілкеш, актер Нұрболхан Шарапов бала кезіндегі келеңсіз оқиғаны баяндады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Danyar Bekzhanov арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол оқушы кезінде ұрлық істегенін мойындады.
7-8-сыныпта оқитын кезім. Мектептің асханасында тортты тіліп сататын. Бір бөлігі – 15 теңге. Біздің үй мектептің дәл жанында болды. Асханасы үйдің іргесіне тиіп тұратын. Мектепке барғанда тортты сатып алып, күні бойы жеп жүреміз. Бір күні туған ағам «ұрлыққа түсейік» деді. Түңгі 12-де асханаға келдік. Сатушы түнде пісіріп, таңертеңге дайындап, қойып кеткен. Есікті сыммен ашып, ішке кірдік. Білмей қалады деп ойлап, екінші күні тағы түстік. Күнде екі бүтін торт жейміз. Бір кезде «асханаға ұры түсіпті» деген сыбыс естілді. Ешкім білмей қалады деп ойлап, тағы да ұрланып кірдік. Бір күні енді тортты аузымызға сала бергенде біреу ұстап алды. Асхананың бастығы қызын аңдуға қойып қойған екен. Бетімізге дәу жарық түсті. Сол жерде айқай-шу басталды. Үйдегі анам да естіді. Шағын ғана ауыл болғасын, бәрі естиді. Масқара болдық, – деді ол.
Бұдан бөлек, әзілкеш ісі үшін ұялып, ұстазынан кешірім сұрағанын есіне алды.
Сынып жетекшімнен қатты ұялдым. Ол – асхананың бастығы еді. Анам ұрып-соғып жүріп, апайдың үйіне апарды. Ұстазымның есімі – Жариягүл. Ағам екеуіміз тізерлеп отырып, кешірім сұрадық. Ұсталып қалғаннан кейін «Сынып жетекшім мектептің алдына шығармаса екен» деп ойладым. Онсыз да мектепте жақсы атымыз шықпайды. Апайымның алдында ұялғаным-ай. «Өлтірем десең, балам міне» деп анам мені желкелеп тұрды. Сол оқиға есімнен кетпейді, – деді әзілкеш.