04.04.2024, 06:30

«Ақылды сіңілім, тұрмыс құруға емес, үй алуға тырысыңыз!» – Дина Төлепберген

Фото: instagram.com/dina_tolepbergen

Ол пәтер бағасының 90 пайызын 20 жылға қарызға алғанын жазды.

Танымал тележүргізуші Дина Төлепберген алғаш баспаналы болған кезін есіне алды. Онымен қоймай, жас қыздарға әпкелік ақылын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол кезінде тәуекелге бел буып, пәтер бағасының 90 пайызын 20 жылға қарызға алғанын жазды.

«Жасым 22-де! Екі бөлмелі пәтер. Ол кезде пәтер құны 7 миллион теңгені құрады. Ал қолымда бары 700 мың теңге ғана еді. Солай, тәуекелге бел буып, 10 пайызын құйып, 90 пайыз 20 жылға қарызға алдым. 7 деген қасиетті санға жабыстым ба, әлде сәйкестік пе?! Алған пәтерім 7 қабатта болып шықты. Айтпақшы, оның бой көтеруін 3 жыл бойы күткен едім. Содан кейінгі мен үшін ең қиыны – жөндеу болды. Өйткені пәтер «черновая отделкада» берілді. Алдыңда мақсат, мойныңда міндет болғанда, өзіңді аяусыз қамшылайды екенсің. Иә, менде сол кезде сәнді киім, әшекей, қыдыру, демалыс деген болған жоқ. Тек «өз баспанам болады» деген тәтті арман ғана. Сөйтіп жүріп, қарызымды 7 жылдан кейін жауып тастаппын. Тағы жеті.

...Ақылды сіңілім, тұрмыс құруға емес, үй алуға тырысыңыз. Менің 22 жасымда жасаған жетістігімді сіз де жасай аласыз», - деп жазды Дина Төлепберген.