06.04.2024, 04:30

«Пейілдің тарылуы табиғи апатқа әкеледі»: Белгілі әнші тасқынға қатысты пікір білдіремін деп дауға қалды (ВИДЕО)

Фото: jubanishjeksen инстаграм парақшасынан

Елдің басына музыка тыңдайтындай, аспанымызда ән қалықтайтындай жағдайға тезірек жетсек екен деп тілеймін.

Әнші Жұбаныш Жексенұлы елде болып жатқан жағдайға пікір білдіріп, желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Өнер иесі көпшілікті пиғылды түзеуге шақырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Елімізде қанша шаңырақ үйсіз қалды, қанша елдің үйін су алды. Одан да басқа қиын жағдайлар болып жатыр. Елімізде болып жатқан қиын жағдайға байланысты менің ойым: бір-біріміздің көңілімізді қалдыру, ренжіту, пейілдің тарылуы, пиғылдың жаман болуы табиғи апаттарға әкеледі. Менің ойымша емес, солай естігенмін. Тезірек мінезімізді, пиғылымызды, сөзімізді, ойымызды, көзқарасымызды, іс-әрекетімізді түзейік. Елдің басына музыка тыңдайтындай, аспанымызда ән қалықтайтындай жағдайға тезірек жетсек екен деп тілеймін. Құдай бізге сабыр берсін, жеңілдік берсін. Аман болайық, – деді Жұбаныш Жексен Instagram-дағы парақшасына жариялаған видеода.

Ал желі қолданушылары әншінің бұл пікіріне қарсы шығып, жарыса пікір жазды.

"Қателестің", "Жылдап баққан малы суға кеткен ауыл адамы сіздің пікіріңізбен келіседі деп ойламаймын", "Пейіл жайлы әңгіме айтпай, адамдарға көмек қолын созса болатын еді ғой", "Ол да бар шығар. Алайда бұл биліктегілердің кінәсі", "Су тасуына пейілдің қатысы жоқ. Бұл бірнеше рет қайталанған жағдай", "Көктемде қар ериді, дайын болу керек еді", "Аспаннан жауған апат емес", "Сіз әуелі су басқан өңірлердегі халықтың жан айқайын жақсылап тыңдап көріңіз", "Жылы, құрғақ жерде отырып алып, Алланың ісі деуің орынсыз", "Дұрыс айтасыз, адамның пейілі бұзылды", "Қайдағы пейіл? Жұмыс дұрыс атқарылу керек", "Сіз айтқан апат пен болып жатқан жағдай екі түрлі нәрсе", – деп жазды желідегілер.