"Тіпті, суицидке баруға да қадам жасадым. 16 қабаттан секіріп кеткім келді".
Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова жеке өмірі туралы бүкпесіз “Мамский әңгіме” подкастында баяндап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сұхбат барысында өнер иесі екінші күйеуімен қалай, кім таныстырғанын айтып, ел білмейтін сырын бөлісті.
“Екі некемді де сәтсіз деп айтпаймын. Тағдырыма ризамын. Екі балам бар. Тәтті қызым бар. Қызымның әкесімен пандемия кезінде таныстық. Ол кезде намаз оқып, жүрегінде иманы бар жігітті жолықтырсам деп ойладым. Баламның әкесі діннен алыс еді. Намазхан болу – жігітке қоятын бірінші талабым. “Маған ешқандай жамандық жасамайды, баласын тастамайды” деп ойладым. Шариғат бойынша тұрмысқа шықтым. Имамды да үйге шақырып, неке қидырдық. Күйеуімнің артында тұрып, намаз оқу – арманым еді. 20 жылдан бері танитын досымыз араласып, нөмер алмастырып, жеңгетайлық жасады. Қажылыққа бірнеше рет барған деген сөзіне сендім. Балама көзқарасы жақсы болды. Қызын да әлікүнге дейін іздеп отырады. Сөйтіп, әкемнің алдынан өтіп, мені баламмен бірге алып кетті. Бірақ отбасылық өміріміз ұзаққа созылмады. Қызыма 8 айлық жүктілігімде кетіп қалдым. Ол жерде ұлым екеуіміз жалғыз қалдық. Мен күйеуімді дұрыс танымай шығыппын. Ол туралы ақпарат іздегенде де маған жалған мәлімет келген. Сөздің шыны керек, төртінші әйелі екенімді білдім. Содан күйзеліске түстім. Күйеуім өзінің отбасы мен бала-шағасына кетіп қалады. Мен баламмен жалғыз қалдым. Әке-шешемді жерге қараттым деп ойладым. Тіпті, суицидке баруға да қадам жасадым. 16 қабаттан секіріп кеткім келді. Үйге “Назар” тобымдағы Еркежан келіп қалып, ойымды бөліп жіберді. Заңды неке болмады. Мұның бәрін не үшін айтып жатырмын, басқа қыздарға да сабақ болсын деп жасырмай отырмын”, – деп жан сырын ақтарды әнші.